Бір үзім нан үміттерді жалғаған

Биыл бесінші мәрте елімізде 1 наурыз - Алғыс айту күні аталып өтіледі. «Мәңгілік ел» бірлігіне негізделген иереке туралы Елбасы 2016 жылғы 14 қаңтарда №173 жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері елдегі тыныштық, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негізболатын бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құратын күніне айналды. Кезінде еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі де осы күн.

Тағдыр тәлкегімен олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білген халқымызға деген түрлі ұлт өкілдерінің қарым-қатынастағы өнегелі өлшемі де осы. Достық пен сыйластықтың символына айналған мереке осынысымен де маңызды.

ОРТАҚ ТАРИХ – ОРТАҚ ТАҒДЫР

Жыл сайын 1 наурыз - Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған уақыты, сондай-ақ Елбасы Жарлығымен Алғыс айту күні ретінде белгіленген болатын. Осы мезгілден бері бұл атаулы күндерді халық мерекеге айналдырып, еріксіз жер ауып келген өзге ұлт өкілдері өздерін жылы қабылдап, құрметпен қараған қазақ еліне ыстық ықыласын білдіруді жақсы әдетке айналдырды.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, сонау 1930-1953 жылдары КСРО-да ұлттық ерекшелігі бойынша 6,4 млн. адам туған жерін еріксіз тастап кетсе, ал Қазақстан отызыншы жылдары жер аударылғандар үшін ерекше аймақ атанған. Мәселен, Поволжьеден, Украина шекарасынан, поляк, Қиыр Шығыстан жүздеген шешендер, ингуштар, күрдтер мен балкарлар, қырым татарлары депортацияланған болатын. Міне, солардың бәріне бауырмал халқымыз кеңпейіл құшағын жайып, бір тілім нан мен бір ұрттам суын бөліп ішкен. Сондықтан Елбасы бұл күнді барлық этностардың бір-біріне және оларды өз туғанындай қабылдап, мейірбандық танытқан қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өтуді ұсынған еді. Осы орайда біз ауданымызда бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, ынтымақты тұрмыс кешіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің жүректен шыққан жылы лебіздеріне құлақ түргенбіз.

«ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУДЕМІН»

Қазақ тілін туған тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі – Черняева Анастасия Александровна. Ол «Индер-Су» мекемесінде мемлекеттік тапсырыс қызметі бойынша еңбек етеді. Ол бала күнінен қазақ ұлқыздарымен бірге асыр салып ойнап, содан қазақ тілін бір кісідей меңгеріп алған. Содан шығар өзінің ұлты орыс болса да қазақ тілін жастайынан өзінің ана тілі ретінде құрметтейді.

-Тілді меңгеру үшін алдымен ниет болуы керек. Қай ұлттың өкілі болмасын, қазақтың жерінде тұрып жатқандықтан сол халықтың тілін де білуі парыз. Өкінішке орай, әлі де болса тілге дегенде кенжелеп қалатын тұстарым бар. Кейде қазақтар бетіме қарап өзге ұлт өкілі ретінде орысша сөйлеп жатқанда, қазақша жауап беремін. Ал олар маған таңырқап қарап, мені қазақша біледі деп ойламай қалады. Алайда кейін әңгімелескен соң бәрі менімен қазақ тілінде амандасады,-дейді тілдескенімізде.

anastasiya-chernchyavry

Анастасия жолдасы Георгий Черняевпен студент кезінде танысқан. Араларындағы «сіз-біз» дескен достық қарым-қатынастары кейін, оттай лаулаған сағыныш сезіміне айналғанын қос ғашық сезбей қалыпты. Алғашында өмірлік жары болуға Анастасияға ұсыныс жасағанда да көп ойланбастан келісім бергенін айтады. Қазір Георгий вахталық әдіспен еңбек етсе, 8 жастағы қызы Евелина мен 5 жастағы ұлы Игнатий орыс және қазақ тілдерінде еркін сөйлеп өсіп келеді. Олар мемлекеттік тілді білу өздерінің борышы екенін де жақсы біледі әрі түсінеді.

-Біз отбасымызда көбіне қазақ тілінде әңгімелесіп, сөйлесеміз. Бір күні қызым қазақ тіліне тілі келмей, үйрене алмай жүргенде «Қазақ тілі неге керек» дегенде, біз Қазақстанда тұрғандықтан қазақ тілін білуіміз керек деген болатынбыз. Содан ол ниет қойып, қазір қазақ тілінде жақсы сөйлеп келеді. Жалпы өзім балаларыма қазақ тілін үйретіп келемін, - дейді ол.

Айталық, кейіпкеріміз Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте білім ала жүріп, спорттық шараларға қатысып, жеңіл атлетикадан да қанжығасын толтырып келетін. Ал оқуын аяқтаған соң, Атырау қаласындағы бизнес және құқық колледжіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын алып шығып, қазір аталған мамандық бойынша жоғары білім алуда.

Анастасия «Алғыс айту» күнін ерекше қадірлейді. Себебі ата-бабасы депортацияға ұшырап, тағдыр тауқыметін тартқан шағында қазақтар қол ұшын созып, осы жерден әр этнос өз үйін, отбасын, Отанын тапқан.

ИСЛАМ ДІНІН ҚАБЫЛДАДЫ

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін орыс қызы бүгінде қазақтың келісті келініне айналып үлгерді. Ұлты мен тілі бөлек екі жастың жүрегі мен жолын сезім байланыстырып, жарасымды жұпқа айналдырған. Индербор кентінде дүниеге келіп, қазақ балаларымен қазақ тілінде сөйлеп, үйреніп өскен Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде білім алған Екатерина Николаевна мен Нұрболат Азаматұлының алғашқы таныстығы бірте-бірте достық қарым-қатынасқа, кейін махаббат сезіміне ұласқан. Содан бірнеше жыл екеуі хат алмасып жүріп, араласып бірін-бірі үшін жаратылған жандар екенін түсінді. Тіпті бұл аралықта Нұрболат әскерге барып, Отан алдындағы борышын да өтеп келді. Содан қыз бен жігіт болып кездесіп жүрген қос ғашық өткен жылдың шілде айында шаңырақ көтеруге бел буды.

- Мен небәрі 19 жасымда үлкен шаңырақтың келіні болдым. Жолдасым Нұрболат екеуміз бір-бірімізді ұнатып жүріп, балалық сезіміміз махаббатқа ұласты. Қазақтың беташары айтылып, ағайындар жиналған соң бір ұлан-асыр той болды. Ата-енем шетке ысырмады, қайта құшағына тартып, еркелетіп, білмегенімді үйретіп өзінің туған баласындай көрді,- дейді қазақ келіні Екатерина.

Алғашында Нұрболат ата-анасына келіп, «Келіндеріңіз орыс ұлтының өкілі» дегенде, анасы қарсылық білдіріпті. Бірақ ғашықтық сезім екі жасты екі жаққа жібермеді. Қайта бір-біріне жұп етті. Содан ұлдары келіндерін үйіне таныстыруға әкелген кезде болашақ келіні қазақша сөйлегенде ата-енесі аң-таң болыпты. Кейін келіндерінің тәрбиелі, инабатты жан екенін байқаған олар балаларына ақ батасын беріпті. Екатерина қазақтың барлық салт-дәстүрін тез меңгеріп алыпты. Тіпті әлі күнге дейін орамалы басынан бір елі түспепті. Сондай-ақ ол ислам дінін қабылдап намазға жығылып, Алла алдында құлшылық жасап келеді.

-Жалпы маған қазақ дәстүрі өте қатты ұнайды. Әрине, қазақтың ұлттық тағамдарын өзім туып-өскен отбасымда жасайтын едік, ал мұнда жетілдіре түскендей болдым. Намаз оқыған адам Алладан не тілесе сол қабыл болады деп жатады. Өзім ойлана келе Аллаға құлшылық етуге бел будым. Жолдасымнан рұқсат сұрағанда қарсылық білдірмеді. Қазір таң намазын оқимын,-дейді ол. Біз де қазақтың салт-дәстүрімен сусындап өсіп келе жатқан қазақ келінінің Азамат ағай мен Салтанат апайдың шаңырағын кішкентай бөбектермен толтыра берсін деген тілекті тіледік.

СИЫР САУЫП, СҮТ ТАРТТЫ

Украин ұлтының тумасы Тамара Ермоленко қазақтың тілі мен дәстүрін қатарластарынан артық білмесе кем білмейді. Бүгінде ол қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазақы салт-дәстүрлерді де жақсы меңгерген. Ата-анасы 1958 жылы Украина Республикасының Черниговская облысынан Индербор кентіне көшіп келген. Осында ол 1962 жылы дүниеге келген. Содан М.Әуезов атындағы орта мектепті тәмамдаған соң білімін Мәскеу қаласында жалғастырады. Сол жақта отбасын құрып, Ромма, Сергей есімді ұлдарын өмірге әкелді. Әрине, өмір бір орында тұра бермейді. Жолдасы өмірден өткен соң, 18 жылдан кейін Қазақстанға қайта оралады.

-Әкем Василий мен анам Анна осы Индербор кентінде еңбек етті. Олардың еңбектері өлшеусіз. Әуелгі кезде атаанам көшіп келгенде қазақ елі құшағын жайып қарсы алып, құрмет көрсетті. Сондықтан Қазақстан – біздің туған Отанымыз болып қала береді. Бүгінде барлық ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуі жергілікті ұлтқа деген сыйластығы болса керек. Сонымен бірге Қазақстанда тұрып жатқандықтан сол мемлекеттің тілін де құрметтеуіміз қажет. Мұның бәрі Қазақ еліне деген патриотизмнің көрінісі,- дейді ол.

tamaraaaaaa

Қазақстанға 1994 жылы келген Тамара Васильевна әуелі «Қазақтелеком» байланыс торабында, содан күні бүгінге дейін С.Сейфуллин атындағы орта мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс жасайды.

-Әрине, Қазақстанда туып, өссем де қазақ азаматымен шаңырақ көтерем деп кім ойлаған?! Бұл тағдырдың бұйрығы ғой. Туып-өскен жеріме келіп, 1997 жылы байланыс саласында еңбек еткен Жәнібек Өткеновқа тұрмысқа шықтым. Сөздің шыны керек, қазақ келіні болу дегеніміз үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан әлі күнге дейін сол ізетке сызат түсірген емеспін. Шүкір, оған жолдасым да (өмірден өтті), қайын ағаларым, апаларым, інілерім дән риза. Қазір Шаттық есімді ұлымыз бар. Келін болғанымда енем білмейтінімнің бәрін үйретті. Отбасында бәрі де қазақи тәрбие, қонақ келгенде ұлттық тамағымызды дайындай қоямыз. Аталарымыздың ауылына барып, сиыр сауып, сүт тартып, құрт жасап та жүрдім. Бір сөзбен айтқанда, қазақы ортаға сіңіп кеткен жанмын,- дейді ол.

Тал бойына қазаққа тән қасиеттерді сіңіріп қана қоймай, келін болып жүрген Тамара Васильевна көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін 1 наурыз – Алғыс айту күнімен өзге ұлт өкілдерін қиын-қыстау заманда құшақ жая қарсы алған қазақ еліне, ата-бабамызға пана берген, қолындағы соңғы бір үзім нанымен бөліскен кең пейілді қазақ бауырларына алғыс айтып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, елімізде сан ұлттың басын қосып, ұйыстырып келе жатқаны үшін Елбасының сарабдал саясатын қолдайтынын да жеткізді.

-Қазақтың дархандығына, кеңдігіне, бауырмалдығына ешбір ел жетпейді. Еш жатсынбастан өз отбасына құшақ жая қарсы алған ата-енеме, туыстарыма, жалпы, қазақ халқының кең пейіліне, көңіліне алғысым шексіз. Осынау мерекеде барша қазақстандықтарды, отандастарымды шын жүректен құттықтаймын! Бір-бірімізге деген ықылас-ниетіміз ортаймасын,-дейді ыстық ықыласпен.

Бүгінде Қазақ елінің шаңырағы аясында біртұтас халық болып өмір сүріп жатқан олардың тілегі де, жүрегі де бір екені шындық. Осының барлығы – ауызбіршіліктің арқасы.

Диас АЙБАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521