Өткен көктемде арнасынан асып-тасып, асау мінез көрсеткен Жайық өзені келер жылы да тасиды деген болжам жасалып отыр. Осыған орай бөгеттерді қалпына келтіру, қосымша биіктету жұмыстары қазірден қолға алынуда.
Айталық, Индербор кенті (1,3 км), Елтай ауылында (2 км) бөгет салу жұмыстары желтоқсан айында қолға алынған. Екі округте арнайы 32 техника тиісті жұмыстарды атқару үстінде.
- Ауылға қатысты аумаққа орналасқан бөгеттердің биіктігін – 4, ал табанын 10 метрге дейін жеткізу жоспарланды. Әзірге жұмыстар өз деңгейінде жүруде, бүгінде 50 пайызы атқарылды, - дейді Елтай округінің әкімі Дулатбай САРИЕВ.
Ал Индербор кентінің әкімі Шалқар Алмурзиевтың сөзінен ұққанымыздай, кентке қарасты бөліктегі бөгеттің табанын 15 метрге дейін кеңейтіп жатқаны белгілі болды. Елтай ауылындағы бөгет жұмысына үстіміздегі жылға 41 млн теңге (мердігер "World Construction Project Gruop" ЖШС), ал Индербор кентіне 29 млн. теңге (ЖК "Калаугалиев") бөлінген. Мердігерлер жұмысты осы жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқтамақшы екен. Биыл аудан бойынша су тасқынының алдын алу немесе болдырмауға 208 млн. теңге бөлінгенін де айта кетейік. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғаспақшы. Оған тиісті қаражат бөлініп отыр.
Атырау облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қорғаныс бөгеттерін нығайтуға 1 755, 6 млн. теңге бөлінді. Ол қаржының 210,3 миллион теңгесі Индер ауданына беріліп отыр. Қалған қаржы Қызылқоға және Махамбет аудандарына бөлінген екен.
Айтқандайын, ауданда Жарсуат және Құрылыс ауылдары қауіпті аймақ саналады.
С.КӨШЕКОВ