БӨДЕНЕ АУЫЛЫНЫҢ БАПКЕРІ АМАНОВ НҰРБЕК ӨРБІСІНҰЛЫНЫҢ АТЫНДАҒЫ ЕРКІН КҮРЕСТЕН ОБЛЫСТЫҚ АШЫҚ ТУРНИР АЯҚТАЛДЫ.
Нұрбек Өрбісінұлы – жасынан еркін күреспен шұғылданып, спорт шеберіне үміткер дәрежесіне жеткендердің бірі. Ұзақ жылдардан бері аудандық балалар спорт мектебіне қарасты Бөдене ауылдық бөлімінде бапкерлік қызметті абыройлы атқарып келеді. – Әріптесіміздің ауыл спортын дамытуда айрықша еңбегі бар. Шәкірттері Қазақстан чемпионатында жүлделі орындарға ие болып, облыс намысын лайықты қорғап жүр.
Ол өзінің еңбек жолында 10 спорт шеберіне үміткер шәкірт тәрбиелеп шығарды. Бүгінде 4 шәкірті Атырау облыстық спорт интернатында, ал тағы 4 шәкірті облыстық олимпиада резервінің даярлау орталығына алынып, шеберліктерін шыңдауда. Біз мерейтойына орай ұйымдастырылған додада әріптесімізге сәйгүлік мінгізіп, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановтың жолдаған алғыс хатын табыс еттік,- дейді аудандық балалар спорт мектебінің еркін күрес бөлімінің аға бапкері Салауат Қыраубаев.
Ал дүбірлі додаға Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облысы палуандарымен қатар, Ресейдің Чешен елінен палуандар бақ сынады. Барлығы 120 палуан 11 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды. Нәтижесінде Атырау қаласының палуандарынан Мұстафа Мадеткер, Илияс Құнарбаев, Ернұр Ержанұлы, Хамза Әлібекұлы, Әмір Дади жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Ақтау қаласынан Михаил Вахитов, Чешен елінен Сайд-Селім Цадаев, Құрманғазы ауданынан Даниял Сүлейменов, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданынан Алихан Бейбіт және жерлестерімізден Исмаил Самат пен Абдулла Жиенғали жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ
Индер ауданы