Бүгін, яғни, 15 шілде қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Аяшұлы Досымовтың туған күні.
Ғұмырында жанына гитараны серік еткен Табыл Досымов жайлы замандастары мен қаламгерлердің естеліктері аз емес. Оның «Жанарымның жарқылы» (2000), «Ұнатамын мен сені» (2002), «Жайықтың толқындары», «Табылдының әні» атты өлеңдер мен ән мәтіндері оқырмандар арасында қолдан қолға өтті. Әндері кең байтақ елінің рухын көтерді. Өкінішке қарай, қазақтың тұңғыш бард ақыны небәрі 2010 жылы 45 жасында ұйқысынан оянбай қалды. Құдды бір өзінің өлімін сезіп кеткендей.
Ол өлеңдерінің бірінде былай деді: Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам... Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда «оянбай қалған» бард-ақынның өлең-жырлары оқырманының әрқайсысының жүрегін әлі де жылытып жүр. Солардың бірін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
ТАБЫЛДЫҢ ӘНІ
Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау», – деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.
Оянбай қалам, бұл шындық, ұрыспа қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары...
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі.
Жүректе – ызғар, баста – мұң,көңілде – қырау,
Оңай ма, жаным, жаныңды қайғы ауыртқасын.
Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес, шаттықтан айналып басым.
Жанардан ұштың, бақытым, базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан?
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.
Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау!», – деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме.
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам.
"Дендер" - Ақпарат