Бұл – Елтай ауылынан қырға шығар жолда Бағырлай каналы бойына салынған көпір. Кеңес өкіметінен бері келе жатқан бұл көпір тұсынан бұрындары мал тоғытатын. Жылдан жылға өткелдің тозығы жетіп, жауын-шашынды күндері бұл жерден өту тіптен қауіпті. Қыста мұздақ, балшықты күндері көлік тайғанап, каналға түсіп кеткендер де болған.
Бұл туралы Елтай ауылдық округінің әкімі Олжас Хасановпен сөйлескенімізде:
– Бұл «ҚазСуШардың» каналдарды жөндеу жұмыстарының жоспарында тұр. Алайда, оның қашан жасалары белгісіз. Сондықтан бір амалын ойластырамыз. Қолымызда техника да жоқ,–дейді.
Ал, «ҚазСуШардың» Индердегі филиал басшысы С.Байбосынов бұйырса, биыл жөндеу жұмыстары басталуы мүмкін, деген уәж айтады. Қайткенде де қол қусырып отырмай, қауіптің алдын алған жөн-ақ.