Жерлесіміз Айбек Әбділов өткен аптада көршілес Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында өткен жауынгерлік самбодан әлем кубогының иегері атанып, елдің мерейін өсірді, көптің көңілін шалқытты, Әнұранды асқақтатып, көк байрағымызды көкке көтерді.
Елге оралған жерлесімізді аудан әкімі Мейірім Қалауи балалар спорт мектебінде арнайы қабылдап, балғын спортшылар алдында құрмет көрсетті.
-Айбектің жеңісі елдің мерейін үстем етіп отыр. Аудандағы тұңғыш әлем кубогінің иегері шығуы сөз жоқ, елімізде спорт саласына көп көңіл бөлініп отырғанының айғағы деп білемін. Сондықтан Айбекті аудан жұртшылығының атынан жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің араларыңызда болашақ чемпиондардың өсіп келе жатқанына сенім білдіремін, - деп Алғыс хат табыс етті.
Қабылдау барысында Айбектің өзі де сөз алып, көрсеткен құрметке алғыс айтты.
-Харлампиев атындағы дәстүрлі әлем кубогында 16 елден 300-ден аса сайыскер бақтарын сынады. Мен 64 келіде сынға түсіп, іріктеу турында ресейлік палуанды ұттым. Жартылай финалда қырғыз палуанын жеңдім. Ақтық финалда өзбекстандық спортшыны жеңіп, әлем кубогінің иегері атандым. Осындай қуанышты сәтте маған жанкүйер болған барлық жерлестеріме ризашылығымды білдіремін, - деді жас спортшы.
Осы жеңістің нәтижесінде Айбек халықаралық дәрежедегі спорт шебері де атанып отыр.
С.КӨШЕКОВ