Атырауда жол-көлік оқиғалары салдарынан мерт болғандар саны 8,8%-ға өскен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жол қауіпсіздігін қадағалайтын мамандарда жауапкершілік жоқ. Облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл туралы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комиссия отырысында облыс аумағындағы тасжолдарда жол-көлік оқиғаларын алдын алу мәселесі қаралды. Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, биылғы 5 айда жол-көлік оқиғасы 5,4%-ға төмендеген. Алайда мерт болғандар саны 8,8%-ға өскен.

«Жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруынан, қарсы бағытқа шығуынан болады. Республикалық маңызы бар тасжолдарда нормативке сәйкес тәулігіне 3 500 автокөлік өтуі тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 9 мың автокөлікке жетті. Нәтижесінде автокөліктердің ағыны 3 есе артып, жол апатының өсуіне әсер етіп отыр», - деді Нұрхат Оразбаев.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Атырау облыстық басқармасының бастығы Ғалымжан Құсанның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының себебіне үнемі талдау жүргізіледі.

«Жол-көлік оқиғаларының 48 пайызы Атырау қаласында тіркелген. Оның 24 пайызы автокөліктердің соқтығысуына, 35 пайызы жаяу жүргіншілерді қағу дерегіне байланысты тіркеліп отыр. Жаяу жүргіншілер көктем және күз мезгілде жолдың көлікке арналған бөлігімен жүреді. Жол апатының 90%-ға жуығы республикалық және облысаралық жолдарда тіркелді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы жол-көлік оқиғасының 14 пайызы оң жақ рульді көлігі бар такси жүргізушілерінің кесірінен болған», - деп мәлім етті Ғалымжан Құсан.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, жол қауіпсіздігіне жауапты сала басшыларының жауапкершілігін күшейту қажет.

«Бекітілген жол жүру ережесі бар. Тәртіп болуы керек. Қаладағы 1600 жаяу жүргіншілер жолына жарық орнатылды. Құны бірнеше млрд теңгенің «Сергек» құрылғысы іске қосылды. Патрульдік көлік те жеткілікті. Жыл сайын полиция департаментіне сұраған қаражатты бөліп, полицейлердің жалақысын өсіру үшін қосымша қаржы беріп отырмыз. Жол қауіпсіздігін қадағалайтын мамандарда жауапкершілік жоқ», -деді Серік Шәпкенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521