Атырауда «Тәуелсіз Қазақстан: Мемлекет және тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

  Мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздің заң саласының негізін қалаушылардың бірі Салық Зиманов пен Өтеген Сейітовтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов, қоғам қайраткерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, университет өкілдері, С.Зиманов пен Ө.Сейітовтің ұрпақтары және онлайн режимде Түркия, Ресей Федерациясынан және Қазақстанның Астана, Алматы, Қарағанды, Семей, Ақтау қалаларынан профессорлар қатысты.
  Жиында сөз сөйлеген Серік Шәпкенов конференцияның маңызына тоқтала отырып, қос тарланның тарихқа қалдырған өшпес ізі мен өнегелі өмірі көпке үлгі екенін атап өтті.
  - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Азаттық жылнамасында Салық Зиманов секілді көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс», – деп атап көрсетті. Кеше ғана бәріміз екінші мәрте атап өткен Республика күнінің тарихта қалуына өлшеусіз еңбек сіңірген Салық Зимановтың есімі ерекше аталады. Халқымыз үшін ең қиын кезеңде дүниеге келіп, тағдырдың маңдайына жазған тауқыметіне мойымай, өрліктің, ерліктің үлгісін көрсете білген қайраткер Өтеген Сейітұлы Сейітов – есімі Қазақстан прокуратурасының тарихында алтын әріппен жазылған тұлға. Бүгін қос тарланның тарихқа қалдырған өшпес ізі мен өнегелі өмір жолдары туралы жан-жақты әңгіме болады. Бұл, бірінші кезекте, жас ұрпақ үшін қажет,-деді С.Шәпкенов.
  Сонымен қатар Х.Досмұхамедов атындағы АГУ ректоры Саламат Идрисов конференция қатысушыларына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзін оқып берді.
  - Егемендік декларациясын 6 сағат бойы талқылауда табанды қорғап, мемлекет мүдесін барлығынан жоғары қоя білген академик Зимановтың ерлігі мен өрлігін нағыз қаһармандық дер едім. Сондықтан да,заң саласында мыңдаған шəкірт тəрбиелеген,Тəулесіздіктің басты құжатын əзірлеген, конституциямыздың мызғымас беріктігін қамтамасыз еткен академиктің өмір жолы, дара тұлғасы жас ұрпаққа өнеге болуы тиіс. Прокуратура органдарына ұзақ жыл қызмет атқарған Өтеген Сейітовтің де еңбегі мен өмірі өнегеге толы ардагер. Мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Зиманов пен Ө.Сейітовтің 100 жыл толуына арналған конференция жұмысына сәттілік тілеймін. Ел үшін туып,отанына адал қызмет еткен, Егемен еліміздің тарихында есімдері айырықша аталатын тұлғаларды ардақтау, келешек ұрпақща ғибраты ісін дəріптеу əрдайым біздің ортақ борышымыз деп білемін,-деліген құттықтау хатта.
Шараға қатысушылар С. Зиманов пен Ө.Сейітовтің өмір жолы, қызметте атқарған істері, ғылымға қосқан үлесі, еңбектері мен қазақ ғылымындағы орны, құқықтық мәдениетті қалыптастыру туралы баяндама жасады.
  Конференция барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі, заңгер-жазушы Есберген Алаухановқа, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қауымдастырылған профессор, заң ғылымдарының кандидаты Шолпан Мәліковаға университеттің Құрметті профессоры атағы беріліп, арнайы куәлік табыс етілді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT