Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты УГ-157/1 (Тергеу изоляторы) мекемесінде 200-ден астам адам сотын күтіп отыр.
Уақытша ұстау шарасы белгіленген бұл адамдарды күніне үш мезгіл тамақтандыру да оңай шаруа емес. Осы орайда біз мекеменің ас үйінде болып, тергеуде отырған тұлғалардың қалай тамақтанатынын көрдік.
Мекеменің ас үйінде 6 сотталған жұмыс істейді. Олар сот үкімі шыққаннан кейін тергеу изоляторында жұмыс істеуге қалған. Ішінде алаяқтық бойынша, жол-көлік апатын жасағаны үшін, есірткі өнімдерін сақтағаны үшін сотталған азаматтар бар. Тіпті арасында кәсіби аспаз да бар.
- Осы жылы жол-көлік апатын жасағаным үшін 1 жыл бас бостандығымнан айырылып, кейін осы мекемеде жұмыс істеуге өтініш жаздым. Өтінішім қанағаттандырылып, қазір 200-ден астам тергеуде отырған азаматтарға күніне үш мезгіл ыстық тамақ дайындаймыз. Сотталғанға дейін Атыраудағы ірі мейрамханаларда аспаз болып жұмыс істегендіктен, бұл жерде тамақ дайындау әдеттегі іс. Әрине мейрамханадағыдай стейк пісірмесем де, пісірген борщ, ботқаларым бәріне ұнайды,-дейді 27-жастағы жазасын өтеуші Дамир.
Мекеме бастығының м.а атқарушы Мейірбек УРАЗГАЛИЕВТЫҢ айтуынша, мекеменің ас үйінде санитарлық талаптар қатаң сақталып, аспаздар үнемі медициналық тексерістен өтіп тұрады.
- Азаматтар осы жұмысқа түспес бұрын, медициналық тексерістен өтеді. Кейін пісірілген тамақты мекеме дәрігері мен кезекші тексеріп, сынама алады. Осыдан кейін барып тамақ тергеуде отырған азаматтарға таратылады, - дейді Мейірбек Уразгалиев.
- Тергеуде отырғандарға күн сайын сәлем-сауқат келіп жатса да, барлығы да мекеменің ыстық тамағын күтеді. Өйткені тамақтың ыстық күйінде таратылуын қамтамасыз етіп отырмыз. Ас үй мәзірі де сан-алуан. Дүйсенбі күні таңғы асқа ботқа мен сыр, шұжық берілсе, кешкі асқа балық сорпасы беріледі. Ал түскі асқа міндетті түрде бірінші және екінші тағам дайындалады.
- Ас мәзірінде ет тағамдары да құс тағамдары да бар. Таңғы асты дайындап, таратып болғаннан соң, түскі асты дайындауға кірісеміз. Одан кейін кешкі асты әзірлейміз. Осылайша күніміз тез өтіп, бостандыққа шығатын уақыттарымыз жақындап жатыр,-дейді аспаз Руслан.
- Жалақы мөлшерлеріңіз қандай?
- Жалақым 80 мың теңгеден айналасында. Сенбі-жексенбі және мереке күндері жұмыс жасағанымыз үшін үстеме ақы төленеді. Бұл ақшаны үйге жіберуге, мекеме дүкенінен тауар алуға және сот үкіміне сәйкес төленетін шығындарды төлеуге жұмсаймыз. Мекеме бастығының айтуынша, денсаулықтары нашар азаматтар үшін де бөлек мәзір дайындалған.
- Медициналық тексерістің нәтижесінде дәрігер диета ұстау қажеттілігін айтса, ол адам арнайы мәзір бойынша тамақтанады. Олардың астары да бөлек дайындалып, өз уақытында таратылып отырады. Мәзірде жеміс-жидектер, балық және сүт өнімдері бар, - дейді Уразгалиев.
Мекеме ас үйінде жұмыс істеп, жалақысын сот шығындарын өтеуге жұмсаған бір азамат жылдың басында бостандыққа шыққан екен.
- Сотталған азамат ас үйде жұмыс жасап жүріп, жалақысын сот шығындарын өтеуге жұмсап, қалған жазасын айыппұлға ауыстырып, уақытынан бұрын бостандыққа шықты. Бұл азаматтар да осылайша уақытынан бұрын бостандыққа шығады деп сенеміз, - дейді мекеменің тәрбие тобы бастығының м.а. Эльвира САУҒАБАЕВА.
Осыдан кейін мекемеде сотын күтіп отырған азаматпен тілдестік.
- Шыны керек мұндай тамақты бостандықта да жемейтін едік. Көшеден фаст-фуд жеп немесе үйде тек қана сорпа ішетін едік. Ал мекемеге келгелі бері бірінші және екінші ас ішіп,тіпті салмақ жинап алдым,-деп күледі ұрлық үшін істі болып жатқан 27 жастағы Азамат.
- Әлеуметтік желіде тамақтың сапасына шағымданған бейнежазба таралып кеткен болатын?
- Йә, естідім және оның арнайы ұйымдастырылған провакация екенін де білемін. Тамақ ұнайды. Ешқандай шағымымыз жоқ. Мекеменің ас үйіндегі әңгімемізді үзуге тура келді. Өйткені жұма күнінің мәзіріне сәйкес дайындалған борщ, тауық еті қосылған макарон және компот пен нанды тергеуде отырған азаматтарға тарататын уақыт келді. Ас болсын!