Атырауда далаға катализаторға ұқсас қалдықтың төгілуіне қатысты тексеру жүргізілмек

Фото: Атырау облыстық экология департаменті

 

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы далаға катализаторға ұқсас қалдықтың төгілуіне байланысты талдау жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Прокуратура тарапынан катализаторға ұқсас қалдықты далаға төккен компанияны анықтау үшін алдын ала талдау жүргізіледі. Қоршаған ортаға қауіпті қалдыққа жауапты компания анықталғаннан кейін ғана тексеру басталады», - деп мәлім етті Атырау облысының табиғат қорғау прокуроры Еркебұлан Ермеков.

Ал «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, катализаторлар зауыттың технологиялық процесіне пайдаланылады. Оның қалдығын шығару мен жоюды мердігер компания жүзеге асырады.

«Экологиялық кодекске сәйкес Атырау мұнай өңдеу зауыты лицензия негізінде қалдықтарды жою операцияларын жүзеге асыратын мамандандырылған компаниямен келісімшарт жасайды. Келісімшартқа сәйкес қолданылған қатализаторлар арнайы мердігер компаниялардың көмегімен жою мақсатында зауыт аумағынан шығарылады», - деп хабарлады зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Мұнай өңдеу зауытының өкілдері Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және облыстық Экология департаментінің мамандарымен бірге қалдықтар табылған жерге барған.

«Катализатор боксит, цеолит, алюмосиликат секілді табиғи материалдардан жасалады. Жұмыс кезінде катализатор белсенділігін жоғалтып, одан әрі пайдалануға жарамсыз күйге түседі. Көмірсутек қалдықтарынан тазартылғаннан кейін катализатор жоюға жіберіледі. Даладан табылған катализаторлардың бұл аумақта жатқанына 2-3 жыл болды деп болжанып отыр. АМӨЗ прокуратураға зауытта пайдаланылған катализаторларды шығару бойынша қызмет көрсеткен компаниялардың барлығына қатысты тексеру жүргізу туралы өтініш жолдады. Қажетті дәлелдер мен фактілерді жинақтауға жан-жақты көмек көрсету үшін мәліметтермен бөлісті. Табылған катализаторлардың АМӨЗ-ге қатысының бар-жоғы тексеру барысында анықталады», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс бөлімінен.

Бұған дейін Атырауда далаға төгілген катализаторға ұқсас қалдықтар жартылай көмілгенін хабарлаған едік.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521