Атырау облысындағы «Әрекет» жобасы аясында қажет бірқатар кәсіптерді игерген жалғызбасты, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 100 ананың отыздан астамы қазірдің өзінде еңбекпен қамтылып, табыс табуда.
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі жүйеқұраушы кәсіпорындар сияқты, жергілікті «Ембімұнайгаз» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС және тағы басқа да өндіріс мекемелері кіретіні белгілі. «Кезінде біздің әжелеріміз біреуін арқалап, екіншісін жетектеп, тынбай еңбек етіп, оншақты баласын жеткізгенін білеміз. Ал 100 ана жұмыла іске кіріссе аймақтағы жұмыссыздық саны да төмендеп, іскер әйелдеріміз облыс экономикасына да ауқымды ықпал етері сөзсіз. «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз осындайда айтылса керек. Бүгінгі қуаныш иелерін құттықтай отырып, шаруаларының тек өрге басуын тілеймін!», - деді жоба түлектеріне сертификаттар табыстау рәсімінде «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетова.
Өңірдегі Іскер әйелдер қауымдастығы мұрындық болған, өткен жылы бастау алған жоба барысында жұмыссыз әйелдерге қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тегін оқыту курстары ұйымдастырылып, түлектерге шағын бизнестерін ашуға көмек көрсетілді. Шалғайдағы ауылдар тұрғындарын, оның ішінде Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарын, сондай-ақ Еркінқала, Кеңөзек, Алмалы, Дамба, Ақсай, Қайыршақты елдімекендерін және Атырау қаласының қамтыған бастамаға «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан 48 млн теңге қаржы бөлінді.
Жобаға қатысушылар «Тігін», «Аспаздық шеберлік», «Кондитерлік іс», «Шаштараз» және «Тазалау қызметтері» бойынша теориялық білім алғаннан кейін, іс жүзінде тәжірибеден өтті. Атап айтсақ, аспаздар «Aru Plaza», «Star» мейрамханаларында, кондитерлер «Take the Cake Studio» кондитерлік цехында, тігіншілер «DART LUX» тігін цехында, шаштараздар «ADIA» салонында және клининг қызметін үйренушілер «В помощь хозяйке» клинингтік қызмет компаниясында әр кәсіптің қыр-сырын меңгерді. 4 апталық оқу курстарына қосымша 2 апта «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту», «Контент және SMM – әлеуметтік желілерді дамыту», «Шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» бойынша курстар өткізілді. Сонымен қатар, жоба түлектеріне 2 ай бойы тәлімгер жетекшілері бірге жүріп, қолдау көрсетеді. Оқуды аяқтаған 100 түлекке тауар түріндегі гранттар беріледі.
Бүгінгі таңда тігін оқу курсын бітірген 4 ана, шаштараз курсын тәмамдаған 5 ана, клинингтік қызмет меңгерген 3 ана, аспаздық шеберлігін шыңдаған 2 ана тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 20 ана өз кәсібін үй жағдайында ашып үлгеріп, дамытуда.
Жоба түлектері игі істі қолдаған «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына алғысын білдірді.