Атырау өңірлік бас редакторлар клубының алғашқы отырысы өтті

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанынан құрылған Атырау өңірлік бас редакторлар клубының алғашқы отырысын серіктестіктің директоры Қайрат Силыбайұлы жүргізді.

Директордың орынбасары Ысқақ Егенбердиев аталған қоғамдық ұйымның мақсаты Атырау облысының журналистерін қолдау, өңірдегі шығармашылық ахуалды жақсартып, БАҚ арасында салиқалы бәсекелестікті, өзара сыйластықты орнықтыру, ақпарат құралдары нарығында қалыпты дамуға тиімді жағдай туғызу, қоғамда тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту, семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру екенін жеткізді. Клубтың жалпы ережелерін, оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін, оған қабылдау мен шығудың тәртібін таныстырды.

Отырыс барысында көпшілік дауыспен Атырау өңірлік бас редакторлар клубы төрағалығына сала ардагері Таңатар Дәрелұлы, оның орынбасары болып «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин тағайындалды. Жаңа клубқа Атырау өңірінде тіркелген серіктестік құрамына кірмейтін БАҚ-ның бас редакторлары мен осы қызметті атқарған ардагерлер, республикалық тілші қосындарының басшылары, Құрметті журналистер мүше бола алады. Шара барысында Атырау өңірлік бас редакторлар клубы төрағасы Таңатар Дәрелұлы мен қатысып отырған басқа да бас редакторлардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Одан әрі «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ысқақ Егенбердиев:

– Бас редакторлар клубын құру идеясы басшымыз Қайрат Силыбайұлының ұсынысы. Серіктестік мүшелері оны қолдады. Осында қатысып отырған бәріміз ережеге сай аталған клубтың мүшесі болып саналамыз. Алға қарай кімдерді мүшелікке қабылдайтынын төраға мен оның орынбасары ақылдаса отырып шешеді. Олар жиналыстың жалпы дауыс беруімен қабылданады. Бұл клуб құр даңғырлаған іші қуыс барабандай болмай, нақты жұмыс жасайды. Тоқсанына бір рет жиыны өтіп, жылдың аяғында төрағаның атқарған жұмыстарының есебі тыңдалады. Негізі республикалық бас редакторлар клубы бар, олардың филиалы болып та құрыла салуымызға болатын еді. Бірақ, біз жергілікті жердің мәселелерін көтеру мақсатымен өзіміз ашамыз деп шештік. Республикалық бас редакторлар клубы оған келісімін беріп, ережесін бекітіңіздер деген ұсынысын айтты. Сол себепті талқыға салып, сіздердің ұсыныстарыңызды білгелі отырмыз,- деді. Туындаған сұрақтарға орай «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Қайрат Абуов жауап беріп:

– Өңірлік клуб етіп құруымыздың себебіне тоқталайын. Біз серіктестікке қарайтын басылымдардың бас редакторларымен барлық мәселелерді жиналып шешіп жүрміз. Клубты құру өңір үшін керек. Мұны қоғамдық жұмыс деп қабылдайсыздар. Келесі отырысты Индер ауданында өткізсек деген ойымыз бар. Сонда оған Орал облысының журналистері де қатыса алады. Олар өздерінде жақында осындай клуб құрды. Алға қарай Ақтөбе облысы газеттерінің де бас редакторларын шақырып аймақаралық тәжірибе алмассақ деп жоспарлап отырмыз. Арамыздағы қате басқан жастарды ел ағаларының көмегімен ақылға шақыру, бәріміз де осы өңірдің азаматтары болғандықтан журналистика саласында туындап отырған мәселелерді шешу, халықпен жақын болу ортақ міндетіміз. «Атырау-Ақпарат» ЖШС тарапынан клубқа қай жағынан да қолдау болады. Бізде қазір ардагерлер кеңесінің де жұмысы күшейіп келеді. Облысымыздағы ардагерлеріміздің басын біріктіріп көмек жасауда. Нұрлан Қабылов ағамыз олар жайлы мәліметтерді жинақтап «Еңбек ардагері» медаліне ұсыну үшін жұмыстанып жатыр, - деп, Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлинге қазақ күресін насихаттауға сіңірген еңбегі үшін «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін, «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлына бас редакторлар клубының төрағасы куәлігін, газетіміздің штаттан тыс тілшісі Ұлан Иманғалиға «Серпер» газетінің штаттан тыс тілшісі куәлігін табыс етті.

zhanaj-agaj

«Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Қабылов журналистика саласының ардагерлері Мадат Сәрсекеев пен Асқар Ғұмаровқа кеңеске мүшелік куәлігін табыстады. Сонымен қатар атыраулық сала ардагерлері үшін әлеуметтік желіде арнайы чат ашылып, бәріне «Каспий голдь» банкінің карточкалары берілгенін жеткізді. Келесі кезекте «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Нұрлан Қабыловтың жеті аудандық газеттердің дизайны, материалдардың берілуі мен олардағы кеткен кемшіліктер туралы талдауы тыңдалып, талқыланды. Хабарламашы алға қарай пилоттық режимде «Дендер», «Кең Жылой» газеттерінің электронды нұсқасын дайындау керек деген ұсынысын ортаға салды. Құрманғазы ауданы әкімдігі мен округ әкімдерінің газетті қолдап отырған жұмысын жоғары бағалады. «Атырау-Ақпарат» ЖШС төрағасының орынбасары Ысқақ Егенбердиев:

– Біздің инвесторларымыз – оқырмандарымыз. Контент мазмұнды болуы тиіс. Біз оқырмандар алдына үлкен мәзір ұсынуымыз керек. Ол үшін тақырыптарды қою шеберлігін меңгерейік. Мысалы, «Караван» газетіндегідей елең еткізерлік тақырып қоя білейік. Мақалалар да жүрекке жететіндей болғаны жөн. Негізгі аудиториямыз ұстаздармен байланысты күшейтуіміз қажет, - деді. Атырау өңірлік бас редакторлар клубының алғашқы отырысын «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Қ.Абуов қорытындылап, қатысушы ардагерлерге ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT