Өткен жылы Атырау облысындағы 396 шақырым автокөлік жолдары диагностикадан өткізілді.
Оның 266 шақырымында күтіп-ұстау жұмыстарының жай-күйі қаралды. Ал, кепілдік мерзімі бітпеген 130 шақырым автомобиль жолы жылжымалы жол зертханасы автокөлігімен тексерілді. Бұл туралы «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері Мерей Телеугалиев айтты.
Елімізде жол жабындысының беріктігін, тегістігін, геометриялық жағдайын тексеру, ілінісу коэффициенті мен көлік қарқындылығын және жолдағы сызаттарды анықтау үшін диагностика жасалады.
«А-27 «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы /Астрахань бағыты/» тас жолының 458-468, 833-853 және 892-893 шақырымы аралықтары, А-33 "Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай Өтес-Жетібай-Ақтау порты" жолының 126-6, 171-6 шақырымы, А-28 «Атырау-Орал» жолының 5-60 және 60-189 шақырымдар аралығындағы жолдың жай-күйі тексерістен өтті. Диагностика жұмыстары бойынша ақпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автокөлік жолдары комитетіне жіберіледі», дейді М.Телеуғалиев.
Диагностикадан өткен жолдың бірі ұзындығы 136 шақырым Р-33 «Мұқыр-Құлсары» республикалық жолы. Жолдың қазіргі жағдайы туралы комитетке ұсыныс берілген. Егер аталған жол қайта жаңғыртылса, Ақтаудан шыққан автокөлік жүргізушілері Ақтөбе облысына тіке шығып, жолдың ұзақтығын 108 шақырымға қысқартады екен.