Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті отбасы тәрбиесі институтымен бірлесе отырып «ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» тақырыбында еліміздің барлық білім ұясында бірыңғай республикалық ата-аналар конференциясын өткізуді қолға алуда.
Бұл республикалық конференцияның дәстүрлі ата-аналар жиналысынан ерекшелігі, жас ұрпақты инновациялық біліммен және отбасылық тәрбиелеу әдістерімен оқытуға бағытталған және түрлі тақырыптарды қамтитын жаңа формат. Осыған орай, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебіндегі аталмыш конференцияға 5-6-7 сынып оқушыларының ата-аналары және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкері, отбасылық тәрбиелеу институтының спикері Бибінұр Зарубаева, Қазақстан геологі емдеу пансионаты коммуналдық қазыналық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Шолпан Есқалиева және «НұрОтан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген Оразғалиев, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Шәрбану Сабирова қатысты.
Әуелі мектеп директоры Айман Меңдігереева ата-аналарды комитет төрағасы Оршыбеков Нұрбек Әбубекұлының үндеу хатымен таныстырды. Онда қазіргі заманғы ата-аналар өз отбасында бала дамуы мен тәрбиесі үшін оңтайлы жағдайлар жасап қана қоймай, сонымен қатар мұғалімдермен және мектеп әкімшілігімен тұрақты түрде өзара әрекет етуі тиіс деп мәлім деген болатын. Және отбасында қолдау мен түсіністік болмаса, жасөспірімдер интернет тәуелділік, нашақорлық, ойынқұмарлық, дүниеқоңыздық секілді қазіргі әлемнің көптеген жағымсыз азғырындыларына оңай еріп кететіндігі, ал отбасында сүйіспеншілік және өзара түсіністік болатын болса балада дұрыс өзін-өзі бағалау қалыптасатындығы баяндалады. Сондықтан ата-ананың педагогикалық мәдениеттін арттыру – әрбір жекелеген отбасының да, жалпы бүкіл қоғамның да міндеті болып есептеледі.