Әр адам өмірінде бір рет болса да «Кім боламын?» деген сұраққа жауап іздейді. Мен де болашағымды ойлап, жүрегіме жақын мамандықты таңдауға тырыстым.
Осылай- ша аспаз болуды ұйғардым. Бұл шешімім кездейсоқ емес — балалық шағымнан бастап ас үй маған ыстық, тағам әзірлеу — ерекше қуаныш сыйлайтын іс болды. Аспаз болу — жай ғана тамақ пісіру емес. Бұл — өнер. Әр тағам — аспаздың шығармашылығы мен шеберлігінің жемісі. Тамақ арқылы адамдардың көңіл- күйін көтеруге, оларға қуаныш сыйлауға болады. Мен үшін нағыз бақыт — адамдардың мен әзірлеген тағамнан ләззат алып, алғысын білдіруі. Бұл мамандықты таңдауыма отбасы әсер етті. Анам әрқашан түрлі тағамдар дайындап, мені қасына шақырып, бірге үйретіп отыратын. Сол сәттер менің бойымда аспаздыққа деген қызығушылықты оятты. Уақыт өте келе бұл қызығушылық сүйікті іске, одан кейін өмірлік мақсатқа айналды. Сонымен қатар аспаз – әрқашан сұранысқа ие кәсіп иесі. Қай қалаға, қай елге барсаң да, жақсы аспазға жұмыс табылады.
Бұл маған болашақта өз ісімді ашып, шығармашылығымды кеңейтуге мүмкіндік береді. Армандарымның бірі — ұлттық тағамдарымызды әлемге танытып, қазақ асха- насын кеңінен насихаттау. Аспаз болу — менің жан қалауым. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, әр күнімді қызықты әрі мазмұнды ететін сүйікті ісіммен айналысқаныма қуанамын.
Аспаздық — еңбек пен махаббатты талап ететін, бірақ соған лайықты қуаныш сыйлайтын мамандық. Қазір елімізде жұмысшы мамандығында оқитын студенттер толықтай тегін білім алады. Мен «Көктем» қазақ орта мектебін бітіріп, осы мамандықты таңдадым. Қажетті әрі сұранысқа ие мамандықты аудандағы оқу орнында үйрететініне қуаныштымын.
Мысалы, мамандықтар көрмесінде бізге дейін де осы оқу орнында аспаз мамандығын оқып, қазір жақсы мекемелерде жұмыс атқарып жүрген апа- ларымызбен танысып, олар бізбен тәжірибесімен бөлісті. Бұл мен секілді студенттер үшін мотивация.
Жайнагүл ИСАТАЙ,
«Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының
3 курс студенті
Индер ауданы