ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден астаналық сайлаушылармен кездесу өткізді. Сайлауалды жиынға қала тұрғындары мен ұлттық киім өндірушілері, қолөнер шеберлері жиналды.
Жиын барысында Қарақат Әбден өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Үміткер өз сөзінде ұлттық киім өндірушілерінің еңбегі еленбей жатқанын жеткізіп, ұлттық киім өндірісіне мемлекет кеңінен қолдау көрсету керектігін айтты. «Ұлттық киім – эстетикалық сән ғана емес, халқымыздың тәлім-тәрбиесін, жастардың бойына патриоттық сезім сіңірудің ең тиімді құралы. Дәстүр де, өнер де, халқымыздың философиясы да – осы ұлттық киімімізде жатыр. Бұрын тек Наурыз мерекесінде есімізге түсетін ұлттық киім қазіргі кезде сұранысы бар қажет өнімге, трендке айналды. Осы орайда ұлттық киім өндірушілерінің еңбегі зор. Біз ұлттық киім өндірушілеріне барынша қолдау көрсетуіміз керек. Менің сайлауалды бағдарламам ұлттық мәдениетімізді негізге ала отырып жасалғандықтан, бұған баса мән беремін», деп жеткізді Қарақат Әбден. Кездесу барысында Қ.Әбден ұлттық киімдер шеруін өткізуді ұсынды. Бұл өзекті ұсыныс көпшіліктің қолдауына ие болды.
«Қарақат Әбденнің ұлттық құндылықтарды дәріптеп, біздің мәселелерімізге көп көңіл бөлгені бізді қуантады. Үміткердің осы салада өзіндік пайымы, танымы бар екендігі көрініп тұр. Енді ұлттық киімдер шеруін бірлесіп өткізуге дайынбыз», - деп бөлісті «Берген» тоқыма мектебінің өкілі Ләйлә Лаврқызы.
Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы және Қарағанды қалаларының тұрғындарымен жүздескен еді. Республика бойынша үміткердің 20 штабы іске қосылған. Алдағы уақытта оның Павлодар, Абай және Алматы облысының сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.
Қарақат Әбден ұлттық киімдер шеруін өткізуді ұсынды
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- 370