МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ БЫЛТЫРҒЫ "ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: "ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ" АТТЫ ЖОЛДАУЫНДА "МЕНІҢ БАСТЫ МАҚСАТЫМНЫҢ БІРІ - ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАУІПСІЗ ӘРІ ЖАЙЛЫ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫРУ. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНА ЖӘНЕ БАСҚА ДА ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕЛЕРГЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН БАРЫНША ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҮКТЕЛДІ" ДЕЛІНГЕН БОЛАТЫН. БҰЛ « АЗАМАТТАРДЫҢ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАНУЫ – ДЕНІ САУ ҰЛТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ШАРТЫ» АТТЫ БАСТАМАСЫНА ДА СӘЙКЕС ІШІМДІКСІЗ ҚОҒАМ ҚҰРУ – ДЕНІ САУ, ҚАУІПСІЗ ЖӘНЕ БАҚЫТТЫ, САЛАУАТТЫ ЕЛДІҢ НЕГІЗІ БОЛМАҚ. ІШІМДІККЕ ӘУЕСТІКТІҢ САЛДАРЫНАН ЕЛІМІЗДЕ ҚАНШАМА АДАМ ЖАНТӘСІЛІМ БОЛЫП, ОТБАСЫНЫҢ ОЙРАНЫ ШЫҒЫП, БАЛАЛАР ЖЕТІМ ҚАЛСА ДА ОНЫ ТҰТЫНУШЫЛАРҒА САБАҚ БОЛМАЙ ОТЫР. ДҮКЕН СӨРЕЛЕРІ ӘЗІРГЕ АРАҚТАН АРЫЛМАЙ ТҰР.
САУДА НҮКТЕСІ ЖҮЗДЕН АСЫП ЖЫҒЫЛАДЫ
Қоғамдағы күрмеулі мәселенің бірі арақ- шараптан туындайтыны рас. Оған қоса азық- түлік дүкендерінде арақ сатылатыны аздай, соңғы кезде ауданымызда да алкомаркеттер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткенін көріп жүрміз. Немересін балабақшадан алып келе жатқан Нұрлан есімді кенттің байырғы тұрғыны бізге пікірін білдірді.
– Біз – сонау кеңестік кезеңнің адамдарымыз. Ол кезде адам да, қоғам да басқа болды. Қазір етек-жеңімізді жинап, тәуелсіз мемлекет атандық. Бұрындары қай қонақты алсаңыз да арақ-шарапсыз өтпейтін еді. Қазір керісінше, арақсыз той өтеді, үйренісе бастадық, әрі қуанамыз. Неге десеңіз, болашақ – ұрпағымыздың қолында. Олар дені сау, шымыр болса, алынбайтын қамал жоқ деп санаймын. Индербор – шағын ғана мекеніміз. Соның өзінде балабақша, көпқатарлы үйлердің бірінші қабатында алкомаркеттер көбейгеніне қапалымын. Олардың уақыты кәдуілгі дүкендей емес, шамамен түнгі екіге дейін жалғасады. Демалыс уақытында тіпті адам саябырсымай жатады. У да шу. Бұл мына өсіп келе жатқан немере-шөберелерімізге қауіпті бола ма деп алаңдаймын. Сондықтан соларды бір ретке келтіруді жоғары жақтан ойластыру керек секілді, - деді ол.
Иә, атамыздың алаңдайтын жөні бар. Осы ретте аудандағы кәсіпкерлік нысандар туралы жауапты бөлімге хабарласқан едік.
– Аудан бойынша алкоголь өнімін сататын дүкендер мен алкомаркеттер саны – 122. Ондағы алкомаркет саны – 8. Барлығы да Индербор кентінде орналасқан. Аталған кәсіпкерлік өкілдеріне ағымдағы жылдың қараша айында полиция қызметкерлері мен кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі лицензиялардың заңдылығы бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді, - дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Айгүл Үмітқалиева.
Қазақстанда алкоголь және шылым шегуге қатысты құқықтық шектеулер күшейтілуде. Бұл шаралар ең алдымен жастарды қорғауға және жалпы қоғамда зиянды әдеттерді азайтуға бағытталған. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес алкогольді кез келген жерде 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға болмайды. Егер сатушы сатып алушының рұқсат етілген жасқа жетуіне күмәнданса, ол одан жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті. Егер сатып алушыда мұндай құжат болмаса, сатушы оны сатудан бас тартуы керек.
«ІШІМДІКСІЗ АУЫЛ» АТАНДЫ
Аудандық полиция бөлімі кент, округ әкімдерімен бірлесіп «Ішімдіксіз ауыл» жобасы аясында бірқатар түсінік жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде жақында ғана Жарсуат ауылдық округіне қарасты Құрылыс ауылының жеке кәсіпкерлері мен тұрғындары алкоголь сатудан өз еркімен бас тартып, осыған өзге де ауылдар өз үлестерін қосуға үндеу жариялапты. Ауылда 113 үй болса, халық саны 700 адамды құрайды. Ауыл үлкендерінің айтуынша, соңғы бес жыл ішінде тұрғындар ішімдіктен бас тартқан. Құрылыс ауылы ардагерлер алқасының төрағасы Аманқос Жапаров ауылдастарының бастамасына қуанышты екенін айтады.
– Осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Ауыл азаматтарының көтеріп отырған жобасын қолдаймыз. Жастарымыз бұрынғы кезеңге қарағанда ішімдікке әуестіктері жоқ. Ауылымызда бұрыннан дүкен сөрелерінде арақ-шарап сатылмайды. Бұның барлығы ауыл үлкендерінің тәрбиесі мен жастарымыздың мәдениеттілігін көрсетеді, -дейді ол.
...АЗҒЫНДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Қоғамда ішімдікке қарсы мәдениетті қалыптастыру, отбасы құндылықтарын нығайту және ішімдіктен бас тартуға шақыратын қозғалыстарды қолдау маңызды. Бұл жерде үкіметтік емес ұйымдар, дін өкілдері, жұмыс орындары және оқу орындары бірлесіп ішімдіксіз өмір салтын қоғамның нормасы ретінде қалыптастыру қажет. Арақтан келетін зиянның үлкен екенін баршамыз білеміз. Халқымыз ер балаға шаңырақ иесі, қыз балаға ұрпақ тәрбиешісі деп қараған. Текті қазақтың тегі бүлінбесін десек, бұл мәселеге бейжай қарамауымыз керек. Асыл дінімізде де ішімдіктен келер зардап көп екенін жеткізген.
– Құрылыс ауылында көзі қарақты, көкірегі ояу иманды жандар және жастар «Ішімдіксіз ауыл» атты жақсы бастама көтеріп жатыр екен. Біз бұған қуаныштымыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын Рамазан айы қарсаңында арақ-шарапты дүкендерде сатпауға ықпалды істер ұйымдастырылуда. Біз де ауылда әкім, кәсіпкерлердің басын қосып, түсіндіріп, насихаттап келеміз. Жалпы арақтың отбасына, қоғамға зиянына тоқталатын болсақ, Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің бесінші сүресінің 91 аятында былай дейді: «Бисмилләһир рахмәнир рахим, негізінен шайтан арақтан, құмар ойындардан араларыңа дұшпандық кек салып, Алланы еске алуды және сендерді намаздан тияды» деген. Ардақты пайғамбарымыз: «Арақ – бүкіл жамандықтың кілті, одан аулақ болыңдар» деген еді. Сондықтан ақыл-есі бар адам одан аулақ болуы қажет. Алла тағала Құранда және пайғамбар өсиеттерінде арақтың зияндығы туралы көп ескертулер береді. Алла тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп етсін. Елдегі бастаманы басқа ауылдар да қолдайды деп үміт етеміз, - дейді Жарсуат ауылының имамы Құраш қажы Рыспаев.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Қоғамдық орындарда қылмыс пен құқық бұзушылық жағдайларының көпшілігі біз айтып отырған «ащы судың» кесірінен бо - латыны белгілі. Тәртіпті қадағалайтын полиция қызметкерлері де жыл басынан бері ауданда құқықбұзушылықтардың санын азайту мақсатында алкомаркеттерге түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді және қоғамдық орындарда мас күйде болу фактілерінің жолын кесу полицияның өзекті міндеттерінің бірі деп есептейді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып, ауыл тұрғындарының келісімімен ащы сусыннан бас тартқан Құрылыс ауылында соңғы бір жылда мүлдем қылмыс тіркелмепті. Бұл да жасалған жұмыстың нәтижесі секілді.
– Ішімдіктің салдарынан қаншама отбасының ыдырап, балаларға да кесірін тигізіп, әлімжеттіктің арты қылмысқа апаратындығын білеміз. Ауданға қарасты Құрылыс ауылы тұрғындарының бастамасы басқаларға да үлгі болса дейміз. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды тұрғындармен бірлесіп ауданымызда алкогольсіз ауыл сандарын көбейту жұмыстары жалғасын табатын болады. Қоғамдық орындарда мас күйде болу – бұл әдептілік пен қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады. Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 440 бабында көрсетілгендей көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді сатуға жергілікті атқарушы орган рұқсат берген сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде жүргені үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкен күйде жүргені үшін ауданда 200-ден аса хаттама толтырылды. 18-ге толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі – ата- аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер азамат бірінші рет ұсталған жағдайда 18 465 теңге айыппұл салынады, ал егер екінші рет ұсталған жағдайда 10 күнге әкімшілік қамаққа алынып, үш айға есепке алынады. Және әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Қазіргі таңда ауданда 131 адам алкогольге тәуелділер есебіне тіркелген. Уақыт өте бұл сан да азаяды деп сенемін, – дейді аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Жұмағалиев.
ТҮЙІН
Иә, «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, болашағымыз үшін кесел саналатын арақтан бас тартсақ, ұрпағымызды үлкен қатерден сақтап қала аламыз.
Ж.НАРИМАНОВА