«Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов жаңа тағайындалған Индер ауданының әкімі Салауат Өтеғұловқа жаңа тапсырмалар жүктеді»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Индер ауданында өнеркәсіп саласымен қоса, мал шаруашылығының да дамып келе жатқанын, осыған дейін көркейту, абаттандыру бағытында көптеген жұмыстар жасалғанын айта келіп, алда тұрған біраз міндеттерге тоқталды.
«Ауданда аса көңіл бөлуді қажет ететін жұмыстарының бірі – инвестиция тарту. Өйткені, ауданның әлеуеті жоғары. Осыған байланысты, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстарды қолға алуды тапсырамын. Сондай-ақ, мал, егін шаруашылығын дамытуда суару-суландыру жүйелерінің қызметі маңызды. Сол себепті, аудандағы каналдардың жағдайын жіті бақылауда ұстап, жөндеу жұмыстарын уақытылы қолға алуды, асыл тұқымды мал басын көбейтуге жан-жақты қолдау көрсетуді басты назарда ұстау қажеттігін ескертемін»,-деді М.Досмұхамбетов.
Облыс әкімі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында ауданда тұрғындарға жер беру, тұрғын үй салу және қолданысқа тапсыру қарқынын жоғарылату маңызды мәселе екенін де атап өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы қажетті мамандарды жұмысқа шақырып, оларға жағдай жасауды, аудан тазалығын және тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстарды қолға алуды міндеттеді.
Оған қоса, аймақ басшысы елдегі пандемияның да аса сақтық пен талапты қажет ететінін айта отырып, жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды. «Аудан тұрғындары арасында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алу қарқыны баяу және аймақта карантиндік талаптардың сақталмауы адам өміріне ерекше қауіп төндіруде. Сол себепті облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен енгізілген талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етіп, мониторингтік топтардың жұмыстарын тиімді ұйымдастыру қажет.
Ал, вакцинацияның маңыздылығы туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүйелі жалғастыруды тапсырамын»,-деген Махамбет Досмұхамбетов осы және өзге де жұмыстарды аудандық депутаттармен, сондай-ақ халықпен бірлесе жүзеге асыруды тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы аудан әкімдігі жанынан ашылған «ашық әкімдіктің» жұмысымен танысты. Мұнда мемлекеттік органдар халыққа қажетті қызметті тұрғындарға бір жерден көрсетеді. Айта кету керек, аталған ашық әкімдік «Аshyq» бағдарламасы арқылы жұмыс істеуде.