Әлеуметтік желіде бұрынғы жерлесіміз Сергей Горячкиннің Ресейден Индер халқына жолдаған бейне сәлемі желдей есіп жүр.
Өлең жолдарында оның: «Ескі де емес қалашық, үлкен де емес, кіші де емес, бізге қанша бақыт сыйлады. Балалық шағымыз өткен ауыл. Біз онда бай болмадық, бірақ ол маңызды емес, біз онан үлкен өмірге жолдама алдық» деп әндеткені көпшілікті сүйсінтті.
Сонда Сергей деген кім? Ол туралы әріптесіміз С.Базарбаев та өзінің фейсбук парақшасында: «Горячкиндер біз көрші болғанда үш ағайынды болды. Ең кішісі құрдасым еді, бұл ағасы, ал әкесі Павелді үлкендер жағы жақсы біледі. 80-інші жылдардың басында кенттегі Қ.Сәтпаев тұйық көшесінде тату көрші болдық» дей келе, олармен аралас-құраластығы туралы айтып, кейін ауданның Құрметті азаматы Ерсайын Көшеков ағай тұратын екі қатарлы үйге көшіп барғандығын, одан соң Ресейге қоныс аударғанын жазып бөліскен болатын.
Ұстаздары Мәулет Қарасаев пен спорттан жаттықтырған Асқар Бәкеновке де ыстық ықыластарын білдіріпті. Оған индерліктер де жарыса лебіздерін жазуда.
Елім деп еміренетін, туған жерін қастерлей білетін азаматтың бұл ісі көпке үлгі емес пе?
Бұл жазбамен бөлісуіміздің себебі де – осы.
Ақмарал БОКИРОВА