Агроөнеркәсіп кешенінде қолжетімді несиелендіру жүзеге асырылады

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғанындай, бүгінде мемлекет агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың 70 пайызын өз құрылымдары арқылы бюджет есебінен жүзеге асырып отыр. Алдағы уақытта бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын жұмылдыру қажеттілігі алға тартылды. Өйткені, таяу болашақта аграршылар қарызының құрамындағы мемлекеттің үлесі одан әрі көбейе беруі мүмкін. Бұл жерде басты кредитор – мемлекеттің қатысуындағы мекемелер. Әрине, мұндай жағдайда, қысылтаяң шақта ауыл шаруашылығында нарықтың еркін дамуы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан мемлекет басшысы Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялаудан бірте-бірте бас тартып, қолжетімді несиелендіруді қамтамасыз етуге біртіндеп көшуді тапсырып отыр. Мұндай жағдай да екінші деңгейдегі банктер саланы жеңіл несиелендіруге бара бермейтіні анық, сондықтан АӨК-нің өз банкісін ашу қажет. Сонымен қатар, кезінде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдаланылмай жатса, оны қайтарып алып, халықтың қажетіне жаратуы жайында бұған дейін де айтылып жүр, бұл жолы да назардан тыс қалмады. Сол сияқты, суды ысырапсыз, ұқыпты пайдалану қажеттігіне, ол үшін, су шаруашылығы мамандарын дайындау, сумен жабдықтау төңірегінде атқарылуы тиісті жұмыстардың аз еместігіне көңіл бөлінді. Жалпы, соңғы екі жылда облыс көлеміне су өте көп келді. Алайда, оны тиімді пайдалану жәйі жеткіліксіз .Оны жергілікті атқарушы орган мен Үкімет бірлесе отырып шешуі қажет. Бізде жайылымдық жерлерді суландыру көлемі жылдан жылға азайып бара жатыр. Жайылымдардығы бұрын қолданылған құдықтар қазір пайдаланылмайды, Жерасты суларының мөлшері шамадан кеміп, ашып кеткен су малды суаруға да жарамсыз болып отыр. Соның салдарынан жыл өткен сайын жайылымның да аумағы күрт азайып кетті. Мемлекет басшысы осындай қордаланған мәселелердің түйінін тарқатып, жолға қоюды Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырды. Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT