Абырой биігінде

23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлер күні
 
Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы мен әділдігі, жұмысына жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Ал зор сенім мен мәртебелі құрметке жету оңай іс емес. Бұл үшін мемлекеттік қызметкердің - кәсіби біліктілігімен қатар  жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері де жоғары  тұруы тиіс. 
Біз Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында ісіне бекем, ортасына  үлгілі мемлекеттік қызметкерлер отбасында болдық. Отағасы Темірболатов Мұрат Әмірғалиұлы  аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде бас маман болса, жұбайы Қонасова Гүлмира Әмірғалиқызы аудандық экономика және қаржы бөлімін басқарады.
Тәуелсіздік алғалы ел экономикасының қанатын қатайтып,  қаржылық жүйені нығайтуға, қаржы-шаруашылық қызметінің үлесі зор. Бұл салада ауданда Пазида Төлешова,  Шойынбай Өтеналиев, Жексен Жұлқаров,   Амангелді Халел сынды тәжірибелі де  өнегесі  мол азаматтардан бүгінгі кейіпкеріміз Гүлмира Әмірғалиқызының алған  үлгі, өнегесі мол. 
Бүгінде өңірімізде бюджет қаражатының мақсатты жоспарлануы  мен  тиімді жұмсалуын, бұл бағыттағы бағдарламалардың тұрақты орындалуын   бақылауды аудандық экономика және қаржы бөлімі атқарып келеді. Аудандық жергілікті бюджеттің кірісіне  кірістер басқармасымен бірлесе отырып, болжам жасалып, уақтылы түсуі қамтамасыз етілсе, қазынашылық басқармасымен бірлесе отырып, бюджет қаражатының сапалы әрі мақсатты жұмсалуы жоспарының орындалуына  ықпал етеді. Сонымен қатар бөлім аудандағы коммуналдық меншік объектілерінің тиімді әрі мақсатты пайдалануына зерттеу мен қамту жұмыстарын ұйымдастырады. 
- Бөлім қызметкерлері көп жылдар бойы осы салада қызмет атқаратын тәжірибесі толысқан мамандар. Әрқайсысы өз  ісін жетік білетіндіктен қызмет барысында қателіктерге жол бермей, өздеріне жүктелген міндеттерін уақытында орындап отырады. Олардың қатарында А.Үмітқалиева, Ш.Балманова, Ш.Ахметжанова, М.Сүндетова, А.Шүкелекова, Г.Сарғалиева, А.Сансызбаева, Н.Каримова, А.Дюсебалиева, Б.Құспанова сынды қызметкерлер бар, - дейді салалық бөлім басшысы Гүлмира Әмірғалиқызы. 
Ал қызығынан гөрі  қиындығы мол саналатын қаржы саласын таңдаған жас мамандарға сала басшысы Гүлмира Әмірғалиқызы  ең алдымен уақытпен санаспайтын жауапкершілік, адалдық пен жанашырлық қасиеттері мол болу керектігіне баса мән береді. 
Біздің кейіпкеріміз  Гүлмира Әмірғалиқызы ауылшаруашылық колледж және  Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Алғаш еңбек жолын аудандық орталық жинақ кассасында инспектор болып бастаған. Тәжірибе жинақтай  келе өзінің жүрек қалауымен  мемлекеттік қызметке орналасты. Аудандық қаржы бөлімінде экономист, аға бухгалтер, аға экономист,  бас маман, бөлімше бастығы сынды қызмет сатыларынан өтті. Өзінің еңбекқорлығы мен біліктілігінің арқасында үлкен сенімге бөленіп, 2009-2013 жылдары аудандық қаржы бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалды. Ал  2013 жылдан бері аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы қызметін абыройлы атқарып келеді.  
Атқарған мемлекеттік қызметінде алған марапаттарының өзі бір төбе.   Қаржы министрлігінің «Қазақстан Республикасы қаржы қызметінің үздігі»  салалық төсбөлгісімен және  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 25 жыл»  мерекелік медалімен марапатталған. Сонымен қатар  «Үздік қаржы  қызметкері», «Үздік мемлекеттік қызметкер» сынды тағы басқа да  марапаттарға ие болған. 
Кейіпкеріміздің әкесі  Әмірғали Қонасов аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас мал дәрігері болған. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Индер ауданының құрметті азаматы. Анасы Заря   емдеу орындарында мейірбике болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан жандар.   Гүлмира Әмірғалиқызы лауазымды қызметінен  үйіне оралған сәттен бастап  шаңырағының мейірімді, қамқор, ақ тілеулі отанасына, қайын жұртының әдепті келініне айналып шыға келеді. Өмірлік серігі  Темірболатов Мұрат  Әмірғалиұлы. Бір қызығы кейіпкерлеріміз әкелерінің есімдері де Әмірғали. Ал Мұраттың әкесі  Әмірғали Темірболатұлы  Индер байлығын игерген атақты бұрғышы.  «Айбынды еңбегі үшін»,  «Еңбек ардагері» медалдарымен, «Құрмет» орденімен, «КСРО жер қойнауының барлауының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.  
 Мұрат  Әмірғалиұлының өзі  аудандық ішкі істер бөлімінде, балық қорғау инспекциясында қызмет атқарған. Соңғы жылдары  ауыл шаруашылық бөлімінде бас маман.  Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құқықтану мамандығы бойынша білім алған. 
- Қаржы саласында компьютер енгелі жұмысымыз біраз жеңілденді. Бұрын қаржының бәрін шотпен есептеп, қызметте күн не түн демей жүріп, кеш қалуға тура келетін. Сол кездерде де алаңсыз жұмыс істеуіме жағдай туғызып, үнемі қолдап отыратын жолдасымның орны бір бөлек, - дейді  Гүлмира Әмірғалиқызын әңгімеге тартқанымызда. 
Мұрат пен Гүлмираның отбасында үлкен ұлы Азамат  мұнай және газ университетінің мұнай және газ мамандығы және Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін, қызы  Айжанат С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетін тамамдаған. Күйеу баласы  Батырхан Нұрланұлы Индер өндірістік – желілік басқармасында инженер, олардан 2 жиені бар. Кенжесі Парасат «Көктем» орта қазақ мектебін биыл тамамдады.
-Қызметтен бос уақытымда негізінен үй шаруасымен айналысамын. Балаларымның сабақ үлгерімдерін, әсіресе математика, физика,  биология пәндерінен  сабақ үлгерімдерін мұқият қадағалаймын. Арасында әлеуметтік желілерді де қадағалап, жаңалықтармен танысып, қажетін қадаге пайдаланып отырамын, - дейді кейіпкеріміз.
 
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT