"Ақыраптың алты күні"

Ұзақты күн аспан астында, дала төсінде мал соңына ерген көшпенді қазақтың ұрпағының бірі болсақ та, ауа райын күндіз көкке, болмаса түнде жұлдызға емес, қалтадағы әлеуметтік желінің ескертулеріне құлақ асып қаншама жүрерімізді кім білсін.

Әйтеуір, тек амандық болсын. Шындығында ата-бабамыз көгілдір көк пен айжұлдызға ғана емес, ұшқан құс, жортқан аң, жердің шөбіне, желі, аққан суға да қарап та алдағы қыстың, болмаса көктемгі жылылық, жазғы жауынды да алдын ала біліп, соған қам жасаған ғой. Жақындағы бір кездесу үстінде, ортамыздың үлкені орденді шопан, ауданның Құрметті азаматы, көпті көрген көнекөздің бірі Кенжебай Есқайыров қарттың: "Кішісі өтіп, үлкен қазан келген соң, алда қараша қаздар қайта бастағанда, яғни 1-2-лерінде күн суытады. Соның өзінен де алдағы қыстың жайын аңғарып қалуға болады" деген еді. Мұндай болжамды соңғы кездері сирек естісек те, қолдағы әдебиеттерді саралап қарағанда, біраз жайға қаныға түстік. Жазушы Кәмел Жүністегінің жазуынша, қазан айының 4-5-індегі салқындықты қазақ "боқырау" деп атаған екен. Жасыратыны жоқ, қазанның шуағын күтіп жүрген шақта соққан бұл салқындық, біраз жанды қалың киіндіріп, ауа райын болжаушылар тіпті көктайғақ, мұздақтан сақтану туралы хабарлап та үлгерген еді ғой.

-Қазанның 3-5 шамасында суық "бозқырау", не "боқырау", не "қыс амалы" деп аталады. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ тұрады. Осы айдың 20 не 25 шамасындағы қардың көрінуін "ұшқын" деп атаған",-деп жазыпты ("Көне арнаның ізі қайда", 373 бет. К. Жүністегі). Көпті көрген жазушы 14-19 қазан аралығын қазақ "Ақыраптың алты күні" деп атағанын да еске салады. "Бұл күндері қазақ жұлдызшылары тезектің өте майда күлін сағат сайын ұшырып отырып, желдің бағытын, күшін, бұлттың жоғары-төмендегін, алғашқы ұшқын қардың жобасын байқап, қыстың алты айындағы ауа райын болжағанын да", айтады. Біздің жердің қарттары да қарашаның қары ертерек түсіп, жатыңқырап қалуынан да көп қауіптенгені белгілі. Жалпы ауа райы құбылмалы болып келетін қоңыр күздің алдағы қарашасының 17-19-ы шамасына қарай қармен қатар жаңбыр да жиілеп, оның соңы көктайғаққа ұласады деген сақтандыруға да әсте құлақ аспауға болмайды.

С.БИСЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT