Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын және алдағы міндеттерді нақтылаған Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемеуметтік көмек беру турасында бірқатар міндеттерді атап көрсетті.
"Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес. Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет", - деді мемлекет басшысы.
Индер аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ажар Серікқалиеваның айтуынша былтырғы жылы 122 отбасындағы 726 адамға 82844,0 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. АӘК алатын 95 отбасындағы 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы 193 балаға 8816,0 млн. теңгеге қосымша төлем тағайындалып төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар ішінен еңбекке қабілетті 59 адам жұмысқа жолданса, оның ішінде тұрақты жұмысқа-36, уақытша жұмысқа-23-і жолданған.
Ел Президенті атап көрсеткен бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта сапалы әрі тиімді түрде жүзеге асырылмақ.
С.КӨШЕКОВ