13,6 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 13 569 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 120,7 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы Өзбекстаннан оралды.

  • 55,2% Өзбекстаннан
  • 19,2% Қытайдан,
  • 9,8% Моңғолиядан,
  • 8,6% Ресейден,
  • 5% Түрікменстаннан
  • 2,3% басқа елдерден.

Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің дерегінше, биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 63%, еңбекке қабілетті жастан кіші 28,4% және зейнеткерлер 8,6% болды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16%-ы жоғары білімді, 36%-ы орта кәсіби білімді, 39,9%-ы жалпы орта білімді. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адам болды. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 491 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 653 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 431 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 653 адам біржолғы субсидия алды, ал 334 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT