Тайланд Chon Buri қаласында еркін күрестен жастар арасында өткен Азия чемпионатында Индер ауданы Аққала ауылының тумасы, Индер спорт мектебінің түлегі Талғат Сырбаз Талғатұлы алтынан алқа тақты.
Додада еліміздің атынан барған жерлесіміз 65 кг салмақта топқа түсіп, іріктеу кезеңдерінде Қырғызстан, Өзбекстан және Үндістан балуандарын ұтса, ақтық сында Иран елінің спортшысын қапы қалдырған. Өзіне қарсылас шақ келтірмеген ол алтын жүлдеге ие болып, қазақтың туын өзге елдің төрінде тағы бір мәрте желбіретті. Бұл - Атырау облысы тарихындағы еркін күрес балуандары еншілеген Азияның алғашқы алтын медалі.
- Оқушымыз бас жүлдені қолдан бермеді. Ел аманатын орындады. Аудан, облыс спортына ерекше тарихи жеңісті күн сыйлады. Ендігі міндет - тамыз айында әлем біріншілігінде тағы да ел намысын қорғайтын болады, - дейді шәкіртінің қуанышын бөлісіп, жеңісін жерлестеріне жеткізген балалар спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Салауат Қыраубаев.
Аққала ауылында туып-өсіп, жастайынан бапкері Нәсіпқали Кәукенов қанатын қатайтқан, қазір қазақ елінің мақтанышына айналып, Азия чемпионы атанып үлгерген палуанымыз былтыр сары құрлықтың күміс, әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген болатын.
Ақмарал ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.