Индерлік Нұрберген Ресейдегі додада бақ сынамақ

8 тамызда Ресейдің АСА промоушені аралас жекпе-жектен дүбірлі дода ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сол жарыста жерлесіміз, қазақ спортшысы Нұрберген Шәріпов те өнер көрсетеді.

Аса жеңіл салмақты күш сынасып жүрген Нұрберген спорттың бұл түрін 2014 жылдан бері серік етуде. Сол аралықта 11 мәрте айқас алаңына шығып, 9 рет басымдық танытты. Төрт кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Samara MMA Federation, Titan FC және TKFC додаларында бақ сынады.

Соңғы жекпе-жегін былтыр қыркүйек айында әзербайжандық Кенан Жафарлиге қарсы өткізіп, ұпай санымен жеңіске жетті.

Бұл – Н. Шәріповтің АСА-дағы алғашқы бәсекесі болатын. Аталған жарыста ол Павел Витрукпен шеберлік байқасады. 2016 жылы М-1 ұйымының алтын белбеуін иеленген 30 жастағы Украина спортшысы октагонда 19 кездесу өткізіп, 15 рет жеңіске жетті. Үш рет ұтылып, тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді.

Осыдан төрт жыл бұрын Мәскеуде өткен турнирде ол қазақстандық Сергей Морозовтан басым түскен болатын.

"Дендер"-Ақпарат

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521