«Келешек мектептері» оқушының жеке білім траекториясын қалыптастырады

«Келешек мектептері» жобасының Атырау өңірінде белсенді түрде жүзеге асырылып жатқаны — білім беру саласының сапалы серпілісінің белгісі. Қазіргі таңда білім беру тек пәнді оқытумен шектелмейді, жаңа буынға кең ойлау, цифрлық мәдениет, зерттеушілік көзқарас пен әлеуметтік құзыреттер қалыптастыруды талап етеді. Бұл жоба дәл осы міндеттерді кешенді түрде іске асыруға мүмкіндік береді.

Біздің Б.Қанатбаев атындағы мектепте де өзгерістер айқын көрініп отыр. Ең алдымен, оқу процесіне инновациялық технологиялар — цифрлық платформалар, заманауи оқу құралдары, саралап-даралап оқыту әдістері белсенді енгізілуде. Мұғалімдердің кәсіби дамуына жаңа форматтағы курстар, тәжірибе алмасу алаңдары және педагогикалық зерттеулерді жүргізуге арналған ресурстар ұсынылды. Бұл бізге өз ісімізді ғылыми тұрғыда талдауға және тиімді тәсілдерді нақты деректерге сүйене отырып қолдануға жол ашты.

«Келешек мектептері» жобасының тағы бір маңызды тұсы — оқушының жеке білім траекториясын қалыптастыру. Әр баланың қабілеті әртүрлі, сондықтан оқу бағдарламасы оның даму қарқынына бейімделуі қажет. Қолданыстағы жаңа модельдер мектептерге осы бағытты жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Оқушылар топтық жұмыс, жобалық-зерттеу форматындағы сабақтар арқылы өз ойын еркін жеткізіп, талдау дағдыларын дамытады, жауапкершілік пен ынтымақтастықты меңгереді.

Сонымен қатар мектеп пен ата-аналық қауымдастық арасындағы байланыс нығайып келеді. Білім беру үдерісін тек педагогтің емес, ата-ананың да қатысуымен іске асыру — жаңа мектеп моделінің басты қағидасы.

Қорытындылай айтқанда, «Келешек мектептері» жобасы – ауылдық аймақтардағы мектептердің де әлеуетін күшейтетін, педагогтердің кәсіби рөлін жаңа деңгейге көтеретін, ең бастысы – балаларға сапалы білім мен кең мүмкіндіктер ұсынатын ұзақ мерзімді инвестиция. Біз үшін бұл — болашаққа жасалған стратегиялық қадам.

Амангүл Тоқсанова,

педагог-зерттеуші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT