Құқықбұзушылыққа жол бергеннен алдын алған тиімді

Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет әзірлеген «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң құқықбұзушылықтардың алдын алу жүйесін түбегейлі жаңғыртып, профилактикаға қатысушылар шеңберін кеңейтті. Ең бастысы – бұл заң ерте араласу тетіктерін күшейтіп, әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше басымдық береді. Ал қағаз бетінде көрінетін өзгерістердің өңірлерде нақты қалай іске асып жатқаны – аса маңызды көрсеткіш. Осы тұрғыда Атырауда жүргізіліп жатқан жұмыстар заң талаптарын іс жүзінде жүзеге асырудың айқын мысалы болып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласының учаскелік инспекторлары мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы күн сайын ондаған мекенжайды аралап, отбасындағы жағдайды бақылап, жанжалға бейім отбасылармен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Мәселен, жақында тәртіп сақшылары тұрмыстық жанжалдар жиі қайталанатын Азаттық даңғылындағы көпқабатты үйлердің біріне бас сұқты. Пәтер ішіндегі көрініс – әлеуметтік дағдарыстың, маскүнемдік пен тұрмыс тауқыметінің айқын салдары: тозған қабырға, тұрмысқа бейімделмеген бөлме, адам психологиясына ауыр әсер ететін жағдай. Мұнда бірнеше айдан бері полиция тіркеуінде тұрған, алкогольге тәуелді жұбайлар тұрады. Бұл рейд профилактиканың тек формалды шара емес, отбасылардың жағдайын көзбен көріп, нақты тәуекелдерді анықтауға бағытталған тірі процесс екенін дәлелдейді.

Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылық тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тән құбылыс емес. Полицияның «Самал» тұрғын үй кешеніне жасаған бақылау барысы мұны айқын көрсетті. Қаржылық мәселесі жоқ, екеуі де жұмыс істейтін, сырт көзге үлгілі көрінетін отбасы арасында да ұрыс-керіс жиілеп, әйел бірнеше рет полиция шақыруға мәжбүр болған. Нәтижесінде күйеуіне 30 күндік қорғау ұйғарымы шығарылып, инспекторлар оның орындалуын аптасына бір-екі рет қадағалап отыр. Жасалған шараның тиімділігі де байқалады: әйелдің айтуынша, үйдегі жағдай тұрақталған, ерлі-зайыптылар өзара түсіністікке келе бастаған.

Бұл мысалдар құқықбұзушылық профилактикасының басты мақсаты жазалау емес, проблеманы ерте кезеңде байқап, отбасының қалыпты тіршілігін қалпына келтіру екенін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстанда жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы да қоғамдағы бұл мәселенің өзектілігін күшейтіп, алдын алу жұмыстарының сапалы қордалануына ықпал етуде. Атырауда да осы акция аясында халықпен кездесулер, мобильді топтардың жұмысы, сенім желілері, оқу орындарындағы семинарлар, флешмобтар ұйымдастырылып, агрессорлармен мақсатты профилактикалық жұмыс жүргізілді.

Атырау қалалық полиция басқармасының мәліметінше, өңірде 2025 жылдың 11 айында отбасылық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар атқарылған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабы бойынша 3510 адам жауапкершілікке тартылса, «102» пультіне 4015 хабарлама түскен. Барлығы 3001 қорғау ұйғарымы шығарылып, олардың орындалуын бақылауға ерекше назар аударылды. Қорғау ұйғарымын орындамаған 204 адамға әкімшілік жазалар қолданылған. Бұл деректер алдын алу шараларының белсенді жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ халықтың өз құқықтарын жақсырақ түсініп, полицияға жиі жүгінетінін байқатады.

Алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылық Атыраудағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Осыған байланысты полиция алкоголизмнен ерікті емделуге жолдауды немесе сот шешімімен әлеуметтік-медициналық қайта бейімдеу орталықтарына мәжбүрлеп орналастыруды белсенді қолдануда. Биылдың өзінде 27 атыраулық арнайы медициналық мекемелерге жіберілген. Бұл – құқық қорғау органдарының тек жазалауға емес, әлеуметтік сауықтыруға да басымдық беріп отырғанын көрсететін маңызды қадам.

Жалпы алғанда, жаңа заң құқықбұзушылық профилактикасын институционалды түрде нығайта отырып, алдын алу шараларын тек полицияның міндеті емес, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ҮЕҰ, қауымдастықтар және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналдырады. Атыраудағы нақты мысалдар көрсеткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек есепке алу немесе айыппұл салумен шектелмейді. Бұл – әрбір отбасының жай-күйін терең түсінуді, психологиялық қолдауды, әлеуметтік көмекті, ерте кезеңде араласуды талап ететін күрделі және кешенді процесс. Егер осы бағыттағы шаралар жүйелі түрде жалғасатын болса, құқықбұзушылық деңгейі төмендеп, қоғамдағы қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылық айтарлықтай нығая түсері анық.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссиясымен бірлескен «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн іс-әрекет» акциясы өтті. Мақсаты – қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және тұрмыстық жанжалдардың алдын алуда ортақ күшті біріктіру. Оған белсенді атсалысып, зорлық-зомбылықтың алдын алуға үлес қосқан қатысушылар Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаевтың алғыс хатымен марапатталды. Отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, - дейді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Амандық АБДОЛ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT