Жерімізге қадам басқан әр ұлт жатсынбасын

Бұрынғы аталарымыз «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген данышпан ойды қалдырған ғой. Сірә, сан теперішті бастан кешіп, сан қиындықты жеңген халқымыздың ақыл кенінен шыққан бұл сөзінің бүгінгі таңда да маңызы ерен екені көрініп-ақ тұр.

Көңілі ояу, көзі ашық адам үшін, шүкір, бүгінде ақпарат та, оны алатын басқа да көздері жетерлік. Тек ал да байыппен ой сарабына салып, салмақтап, өзің дұрыс қорытынды жасуға тырыссаң болғаны. Оның үстіне барлық саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі, білім беру саласында өткізген біз үшін елімізде, әлемде болып жатқан өзгерістердің астарын түсіну қиын емес.

Соның ішінде Тәуелсіздікке қолжеткізгеннен бастап даму жолын таңдаған еліміздің жетістіктері мен қиындықтары жанымызға өте жақын. Сондықтан да оның әр жетістігі мен кемшілігін жаныңмен сезініп, қиналатын кездеріміз де аз емес.

Осындайда еске түседі, бір жылдары біздің ауылға Талдықорған жерінен бір шешен отбасы көшіп келіп, ұзақ жылдар мал шаруашылығымен айналысты. Өздері шаруаға бейім, өте ақжарқын, қазақ тілін жіті меңгерген, кеңпейіл жандар болып шықты. Біз олармен басқа ұлт өкілдері деген жоқпыз, біте араластық.

Бүгінде Зелимхан мен менің құрдасым Хамсатты барша атыраулықтар жақсы біледі. Олар өз Отандары шешен жерінде соғыс болғанда қатты қиналды, олардың ол қайғыларын да барынша сезінуге тырыстық. Қазір ойласам, олардың жергілікті халық, бізбен ашық-жарқын кеңпейіл көңілмен араласуының өзі кең жүректілік екен ғой. Жерімізге түрлі себептермен қадам басқан әр жан да солардай болса ғой деген тілек кейде көңілге келеді.

Ақпарат көздерінен Президентіміздің Мюнхенде болып, халықаралық қауіпсіздік конференциясында өзге елдер мен сарапшылардың алдында сөз сөйлеп, пікір алысуының маңызы сезінген жанға өте жоғары. Ондағы бүгінгі Қазақстанды, Орта Азиядағы тұрақтылық, қарым-қатынастардың орны мен маңызы туралы сөздері иесін тауып, болашаққа деген сенімімізді нығайтты.

Қуаныш АБДЫРАХМАНОВ,

Б.Нысанбаев атындағы орта мектеп жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы

Көктоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT