Атырауда оқушылар дрон ұшырып, робот жасап жатыр

Атырау өңірінде балалар мен жасөспірімдердің технологиялық және инженерлік әлеуетін дамытуға бағытталған JasUp жобасы биыл да белсенді жұмысын жалғастырып келеді. 

Жобаның басты мақсаты – оқушыларды заманауи біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды нақты жобалар жасауға, ойлай алатын, бастамашыл тұлға ретінде қалыптастыру, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. JasUp жобасының бас менеджері Асқар Алданның айтуынша, биылғы оқу жылы әлі аяқталмағанымен, аралық нәтижелердің өзі жобаның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. «Теңізшевройл компаниясының Әлеуметтік Инвестиция Бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан біздің жобамызда оқу жылы әлі толық аяқталған жоқ, сондықтан қазіргі таңда тек жартыжылдық қорытындымен бөлісе аламыз. Соған қарамастан, осы кезеңнің өзінде бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Биыл жаңа бағыттарда курстар ашылып, балалар мен мұғалімдердің қызығушылығы айтарлықтай артты. Оқу курстарына 694 оқушы қатысуда, ал оқу жылының аяқталуына әлі 3 ай уақыт бар. Бұл – жыл басында қойған негізгі мақсаттарымыздың орындалып келе жатқанының айқын дәлелі», – дейді Асқар Алдан. Қатысушылар саны өсіп келеді Ал, шеберлік сабақтары мен түрлі жарыстарды қоса есептегенде, Атырау қаласында – 2540, Жылыой ауданында – 829 оқушы мен мұғалім қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Асқар Алдан бұл өсімді жобаның сапасы мен мазмұнына деген сенімнің артуымен байланыстырады. Биыл JasUp жобасы аясында бұрыннан бар курстар сақталып қана қоймай, бірнеше жаңа бағыт іске қосылды. Олардың қатарында: • дрон басқару бойынша шеберлік сабақтары, • мобильді қосымшаларды әзірлеу, • веб-қосымшалар мен сайт жасау, • backend бағдарламалау бағыттары бар. Бұл бағыттар оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, оларды болашақ мамандықтарға ерте бейімдеуге мүмкіндік беріп отыр. Сұраныстағы ТОП-3 бағыт JasUp жобасының бас менеджері Асқар Алданның айтуынша, ең жоғары сұранысқа ие бағыттардың үштігі өзгермегенімен, олардың ішкі рейтингі ауысқан. 2025 жылы «Python тілінде бағдарламалау», «3D модельдеу» және «Робототехника» бағыттары көш бастап тұр. «Робототехникаға қызығушылық азайған жоқ, ол өз деңгейінде сақталып отыр. Ал Python мен 3D модельдеуге деген сұраныс айтарлықтай артты. Бұл – балалардың бағдарламалау мен цифрлық дизайнға саналы түрде бет бұра бастағанын көрсетеді», – дейді Асқар Алдан. Жеңістер мен нақты нәтижелер JasUp жобасының басты көрсеткіші – оқушылардың жетістігі. Биыл бірнеше оқушы республикалық деңгейде үлкен нәтижеге қол жеткізді. Дария Бегалиева мен Сабина Тұңғатарова JerEcoHub хакатонында жеңіске жетіп, 1 000 000 теңге грант иеленді. Олар био-пластик өндіруге арналған шағын цех жобасын әзірледі. Нұрдаулет Нұрмұхан «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында жеңіске жетіп, тағы 1 000 000 теңге грант ұтып алды. Қазіргі таңда ол Атырау маңындағы қамыс өртенген аумақтарды тепловизор арқылы анықтайтын дрон жасап жатыр. Ал Парасат Сакишев есімді оқушы Республикалық робототехника чемпионатында mini-sumo санаты бойынша екінші орынға ие болды. Теориядан – практикаға JasUp жобасында білім тек теориямен шектелмейді. Көптеген оқушылар өз жобаларын өмірде қолдануға бейімдеп жатыр. Соның бірі – Арсен Аманжолұлы есімді оқушы әзірлеген «ақылды үй» жүйесі. Қазір ол бұл жүйені өз үйінде сәтті қолданып келеді. STEAM – саналы таңдау жолы JasUp жобасының бас менеджері Асқар Алданның пікірінше, STEAM бағдарламасының ең үлкен артықшылығы – баланың ойлау жүйесін дамытуы. «STEAM – бұл ғылым, технология, инженерия, өнер мен математиканың тоғысы. Балалар осы бағыттармен айналыса отырып, өзіне жақын саланы анықтайды. Бұл жай ғана үйірме емес, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға жол ашатын маңызды платформа», – дейді жоба басшысы. JasUp бүгінде тек білім беру алаңы емес, өңірдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын маңызды жобаға айналып отыр. Технологияға қызығатын, ойлай алатын және қоғамға пайдалы идея ұсына алатын жас буынды тәрбиелеу – жобаның басты миссиясы. JasUp – бұл бүгінгі білім, ертеңгі нақты нәтиже.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT