Өткен демалыс күндері қала аумағында ызғарлы боран тұрып, толассыз жауған қар тұрғындарға бірқатар қолайсыздықтар тудырды. Сағаттап жауған жаңбырлы қар жолдарды қайта жауып, тайғақтықтың пайда болуы автокөлік қозғалысын айтарлықтай қиындатты. Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері мен арнайы техникалар жедел түрде қар тазалау жұмыстарын жүргізуге кірісті. Атап айтқанда, «Жылыой Тазалық» мекемесі қала жолдарын ашық әрі қауіпсіз ұстау мақсатында кешенді шараларды іске қосты.
Қар жауа бастаған сәттен бастап қалада арнайы техника мен жұмысшы топтар толықтай іске қосылды. Жалпы алғанда, қар тазалау жұмыстарына 12 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде 2 щеткалы және реагент себетін КДМ техникасы, автожолдарды тазалауға арналған 4 щеткалы МТЗ тракторы, 2 тиегіш погрузчик, 2 самосвал, тротуарларды қардан тазалау және реагент себуге арналған 2 «ROVER SNOW» техникасы, сондай-ақ 2 механикалық щеткалы тротуар тазалау аппараты пайдаланылды.
«Жылыой Тазалық» басқармасының басшысы Ақансері Нұрлыбайұлының мәлімдеуінше, қар тазалау жұмыстарына 66 қызметкер екі ауысыммен жұмылдырылып, аудан аумағы толық қамтылды. Кешенді жұмыстар полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілді. Қала ішіндегі автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдары қардан тазартылып, тайғақтықтың алдын алу мақсатында жол жиектерінде жиналған қар самосвалдарға тиеліп, арнайы белгіленген орындарға шығарылды.
Сонымен қатар, тайғақтықтың алдын алу үшін қаланың негізгі көшелеріне шамамен 40 тонна тұзды реагент себілді. Аталған шаралар жол қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталды.
Жауапты мекеме басшысының айтуынша, қар тазалау жұмыстары ауа райының қолайсыздығына қарамастан үздіксіз жүргізілді.
– «Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық күш пен техника толықтай жұмылдырылды. Қар жауған сайын тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп, жолдардың ашық әрі қауіпсіз болуы тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда “Қазгидромет” тарапынан алдын ала ескертілмеген қолайсыз ауа райы қалыптасуда. Ресми ақпарат болмағанына қарамастан, боранды жағдайға дайын болдық», – деді Ақансері Нұрлыбайұлы.
Аталған жұмыстар елімізде жүзеге асырылып жатқан республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы аясында да маңызды рөл атқарады. Қала көшелері мен қоғамдық орындарды қардан уақтылы тазалау, жиналған қарды арнайы орындарға шығару – қоршаған ортаны таза ұстап, қала келбетін сақтауға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Қалалық коммуналдық қызметтер тұрғындарды қарлы күндері жолда барынша сақ болуға, көліктерін техникалық қауіпсіздік талаптарына сай пайдалануға және жаяу жүргіншілерге ерекше мұқият болуға шақырады.


