Өткен жұмада, яғни 19 желтоқсан күні Индер ауданына қарасты Көктоғай ауылында, түскі сағат 16.40 шамасында «Атырау-Жарық» мекемесінде электрик болып жұмыс істейтін 2000 жылы туған өрліктік Ерлан Сағиев есімді азамат электр желісін жалғау барысында токқа түсіп, ауыр зардапқа ұшырады.
Сол күні дереу Атырау қаласына жеткізіліп, облыстық ауруханаға жатқызылған еді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтың айтуынша, бүгінгі таңда зардап шеккен азаматтың жағдайы ауыр. Осыған орай санитарлық авиацияның көмегімен дүйсенбі күні ол Астана қаласындағы республикалық шұғыл медициналық көмек орталығына жіберілген.
Аталған оқиғаға байланысты Атырау облыстық полиция департаменті еңбектi қорғау қағидаларын бұзу бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
С.ҰЗАҚҚАЛИЕВ
сурет ғаламтордан


