Биылдан бастап зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгерістер енді.
Соның бірі биылғы 1 қаңтардан бастап «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылатындығы. Осы орайда «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Қарылғаш Джансариева мен БЖЗҚ АҚ облыстық филиалының барып қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Гүлайым Буранбаева ауданымызда болып, «Борат» мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті.
Алдымен сөз алған облыстық филиал директорының орынбасары Қ.Джансариева «БЖЗҚ» АҚ-ның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – тұрғындарға әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы зейнетақылық қызмет көрсету екендігін атап өтті.
- Қор зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әрбір азаматқа зейнетақы қызметіне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету стратегиясын алдына мақсат етіп қойып отыр. Ал оған жету үшін қызмет көрсету жүйелерін дамыту қажет. Көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және жаңғырту жолында салымшылар мен алушыларға жаңа, заманауи қызметтерді ұсына алады, - дей келе, электронды ақпарат алу жолдары мен жаңа қызмет түрлерін таныстырып өтті.
Кездесу барысы мұнан әрі тұрғындарды толғандырған сауалдарға ұласып, облыстан келген өкілдер толымды жауаптарын берді. Мысалы, Елтай ауылдық округінің әкімі Ербол Дүйшім зейнетақы қорында жиналған қаржыны зейнеткерлікке шыққан адамға бұрынғыдай бірден емес, созып беру ауыл арасында түрлі әңгімелер туындатып отырғанын айтты.
«Осыған дейін зейнеткерлікке шыққандарға зейнетақы қорының қомақты бөлігі бірден беріліп келгені белгілі. Алайда тәжірибеде көрсеткендей, зейнеткерлер бұл соманы түрлі қажетіне бірден жұмсап бірер жылда жойып тастап, кейін қорсыз қалады. Сондықтан да зейнеткер қорын ұзақ мерзімде ай сайын пайдалануына мүмкіндік жасалып отыр»,-деді жауапты.
Келесі сауал қойған Жеміс Тілепқалиева «Егер зейнетақы қорында 3 млн.теңге ақшасы болса, зейнеткерлік демалысқа уақытынан бұрын шығуға бола ма?» деді.
«Зейнетақы қорындағы жинағына ғана емес, жасына да тікелей байланысты. Зейнеткерлік ерлерде 63 жас болса, әйелдерде биыл 58,5 жас. Рас, сақтандыру қорлары арқылы келісім жасалып, зейнеткерлік демалысқа шығуға болады. Ол үшін әйел адамдарда 12 млн, ерлерде 9 млн теңгеден кем болмауы және міндетті түрде әйелдер 50,5 жастан, ерлер 55 жастан кіші болмауы тиіс. Бірақ зейнетақы қорыңызда есепшотыңыз жабылмайды»,-деп жауап қатылды.
Тұрғын Бағлан Қалдарбековтің сауалында «егер де банктерден несие алып, төлей алмаған жағдайда борышкердің зейнетақы қорындағы ақшасын алып қоя ала ма?» деді.
Бұған зейнетақы қорындағы қаржыны ешқандай банк борышкердің несиесін жаппағаны үшін ала алмайды. Олар тек сот арқылы сұрау ғана салып, анықтама алуға мүмкіндігі бар делінді.
Сонымен қатар кездесу барысында облыстан келген өкілдер бұрынғы зейнетақы қорларында қате есепшотпен жүрген бірқатар қаржылар кездесетіндігін, осы орайда тиісті жұмыстар жүріп жатқандығын айтты. «БЖЗҚ» АҚ аудандағы өкілі Айгүл Дүйсенбаева қор туралы осындай толғандырған сауалдары болса, әр кез қызмет көрсетуге дайын екендігін қаперге берді.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.