Атырау облысында 4-5 қыркүйекте «Азаматтық секторды цифрландыру: Үкіметтік емес ұйым үшін трендтер мен мүмкіндіктер» тақырыбында XII Азаматтық форум өтуде. Бүгін форумға қатысушы 80-нен астам азаматтық қоғам белсендісі төрт бағыт бойынша семинар-тренингке қатысты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тренинг тақырыптары заман талабына сай цифрландыру бағыты бойынша өткізілуде. Олар: «Digital-State: азаматтық қоғам үшін қолжетімді құралдар»; «Онлайн донорлықтан смарт-фандрайзингке: жаңа қаржылық мүмкіндіктер»; «AI дәуіріндегі азаматтық қоғам: мүмкіндіктер мен тәуекелдер»; «Цифрлық қалқан: ҮЕҰ үшін киберқауіпсіздік және деректерді қорғау».
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуованың айтуынша, бүгін қатысушылар әлеуметтік жобаларын әзірлеп, ұсынада. Үздік деп танылған төрт жобаға 250 000 теңгеден қаржылай сыйақы беріледі.
- Форумның мақсаты – азаматтық қоғамды дамыту, мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар көшбасшылары, азаматтық белсенділер және бизнес өкілдері арасында әріптестік орнату, сондай-ақ тиімді ынтымақтастықтың инновациялық стратегияларын қалыптастыру. Қазір Атырау облысында 800-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның 200-ден астамы белсенді жұмыс істейді. Қазіргі белсенді үкіметтік емес ұйым болашақта үлкен әлеуметтік кәсіп иесі болуы мүмкін. Сондықтан оларға мұндай қолдау шаралары қашанда маңызды, - деді Г.Сүйеуова.
Екінші күні форум аясында ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларының көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Азаматтық қоғамды қолдау: мемлекеттік саясат пен жаңа мүмкіндіктер» және «Азаматтық сектор тәжірибесі: ҮЕҰ жұмысының жаңа бағыттары» тақырыптарында пленарлық отырыс өтеді.
Сондай-ақ, форумның жабылу салтанатында белсенді ұйымдарға Қазақстан Республикасы Азаматтық Альянсының Алғыс хаттары табысталады. Сонымен бірге, волонтерлерді қолдауға бағытталған «DEMEÝ» және ҮЕҰ-ға арналған «QOLDAY» облыстық байқауларының жеңімпаздары марапатталады.