«Теңізшевройл» компаниясы мердігер ұйымдармен бірлесіп Атырау қалалық перзентханасының нәрестелерді жансақтау бөліміне өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттарын, фототерапия шамдарын және пациент мониторларын табыстады.
Жаңа медициналық жабдықтар ең алдымен ерекше күтімді қажет ететін шала туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
«Табыс етілген жабдық жансақтау бөлімінің дәрігерлеріне нәрестелердің өміріндегі ең қиын, шешуші сәттерде дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді және шала туған сәбилердің толыққанды сауығып кету мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. “Теңізшевройл” компаниясы өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін қолдауға бағытталған жүйелі әрі үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді», — деді “Теңізшевройл” ЖШС бас директорының орынбасары Қуанышкерей Мұхтаров.
Атырау қалалық перзентханасында жыл сайын орта есеппен 4 200–4 300 сәби дүниеге келеді. Олардың шамамен 4 пайызы — шала туған нәрестелер, яғни жылына 180–200 бала арнайы медициналық көмекті қажет етеді.
Жаңа жабдықтар нәрестелердің өмірлік маңызды көрсеткіштерін үздіксіз бақылауға, тыныс алуын қолдауға және неонаталдық асқынулар кезінде фототерапияны уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл баланың өмірінің алғашқы сағаттары мен күндерінде аса маңызды.
Айта кетейік, 2025 жылы «Теңізшевройл» компаниясы өңірдің денсаулық сақтау саласын қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды іске асырды. Атап айтқанда, Атырау облыстық перинаталдық орталығында неонаталдық хирургия бөлімшесі ашылды, нәрестелерді азот тотығы арқылы емдеуге арналған жабдықтар табысталды, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем автопаркі 25 жаңа көлікпен жаңартылды.


