Атырауда өндірістік кәсіпорындар мен инвестициялық жобалар саны артып келеді

Өңірде жаңа өндірістер іске қосылып, инвестициялық жобалар саны көбейіп келеді, - деп хабарлайды AtyrauPress.


Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» қоры ұйымдастырған өндірістік кәсіпорындарға арналған баспасөз туры барысында белгілі болды. Шара аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өңірдегі бірқатар зауыттардың жұмысымен танысты.

Алдымен делегация «Талшықтекс» ЖШС-не барды. Кәсіпорында полипропиленді геотекстиль өнімдері өндіріледі. Қазіргі таңда мұнда 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Одан кейін «Assu Company» ЖШС-нің өндіріс орны көрсетілді. Компания 2023 жылы құрылып, 2025 жылы шағын зауытын іске қосты. Бұл – Атырау облысында газдалған және газдалмаған сусындар шығаратын алғашқы кәсіпорын. Бүгінде өндіріс өңірдің ішкі сұранысының 20 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Зауыттың жылдық қуаттылығы 6 миллион бірлікке жетеді. Қазіргі уақытта өнім Ресей нарығына экспортталуда, ал алдағы кезеңде ассортимент пен экспорт көлемін кеңейту жоспарланған.

Айта кетейік, 2025 жылы өңірде 20 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 1 320 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар 2025–2029 жылдары 45 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Қазір Атырау облысында 70 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 65 мыңнан астамы тұрақты жұмыс істейді. Ал «Атырау өнімі» өңірлік бағдарламасы аясында 725 жаңа жұмыс орны құрылған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT