Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда су ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын құруды тапсырған еді. Су ресурстары және ирригация министрлігі іске қосуға тиіс Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі елдегі гидрогеологиялық бақылауды жүйелі жүргізуге әрі су ресурстарын тиімді басқаруға жол ашады.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50–60 пайызы далаға кетіп жатыр. Суды есепке алу технологиясы да әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындар заманға сай құрылғыларға мұқтаж. Президенттің пікірінше, Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасының аталған күрмеулерді шешуде көмегі көп болмақ.
Цифрлық платформада жерүсті және жерасты сулары, гидротехникалық нысандар мен басқа да су шаруашылығы объектілері туралы мәліметтер түгел жинақталады. Министрліктің дерегінше, платформа – елдегі су қорларын есепке алу, мониторинг жүргізу, талдау, басқаруға арналған бірыңғай цифрлық алаң. Бүгінде жүйенің 10 модулінің 8-і – дайын. Су айналымының негізгі бағыттарын қамтып отыр.
«Жүйе тек жекелеген өңірлермен шектелмейді: Шу – Талас, Тобыл – Торғай, Ертіс, Балқаш – Алакөл, Есіл, Жайық – Каспий бассейндерін қамтиды. Жыл соңына дейін қалған екі бассейннің деректері енгізіліп, жоба толық іске қосылады. Осылайша, аймақтар ортақ стандартқа көшіп, су есебін жүргізу мен есеп беру ашық әрі бірыңғай форматқа өтеді. Жүйе мемлекеттік органдарға, су пайдаланушыларға және ғылыми ұйымдарға арналған бірыңғай сенімді дереккөзіне айналады. Нәтижесінде, су ресурстарын басқару кешенді және деректерге негізделген форматқа өтеді», деп түсіндірді министрлік.
Жаңа платформада жасанды интеллектіге негізделген «Алдын ала болжам» жүйесі енгізіледі. Ол су тұтыну көлемін климаттық, гидрологиялық және агротехникалық факторларды ескере отырып, болжам жасайды. Сондай-ақ салалық чат-бот немесе цифрлық көмекші жұмыс істейді. Ол пайдаланушыларға талдамалық ақпарат пен ұсынымдарды интерактивті түрде ұсынады.
«Платформаны әзірлеу Еуразиялық даму банкінің гранттық қаражаты есебінен жүзеге асып жатыр. Жобаны толық аяқтап, іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған. Қазір Су ресурстары министрлігіне қарасты Ақпараттық-талдамалық орталық бассейн инспекциялары мен «Қазводхоз» кәсіпорнының қызметкерлері үшін жүйемен жұмыс істеу бойынша оқыту семинарларын өткізіп жатыр. Аз уақытта үлкен жұмыс атқардық. Әрбір азамат еліміздің су ресурстары туралы ақпаратты ашық түрде көре алуға тиіс. Ол үшін күнделікті жүйелі жұмыс жүргізілуі керек», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Биология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлмира Сатыбалдиеваның айтуынша, цифрлық жүйе су саясатын жоспарлаудың тиімді құралына айналмақ.
«Шаруашылықтар мен кәсіпорындар платформа арқылы су қорының жағдайын үздіксіз бақылап, нақты шешім қабылдай алады. Су үнемдеу мәдениеті де қалыптасады. Ол үшін «Ақылды қала» технологияларын ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану керек. Ал су үнемдейтін заманауи жабдықтар орнатқан шаруашылықтарға мемлекеттен нақты қолдау – субсидия қарастырылғаны жөн. Каспийдің тартылуы, мұнай қалдықтарынан ластануы және балық түрінің азаюы – бәрі бір-бірімен байланысты күрделі мәселе. Мұндай жағдайда Каспий маңы мемлекеттері ортақ іс-қимыл жасап, су қорын сақтау бағдарламасын бірлесе дайындағаны жөн», дейді Г.Сатыбалдиева.