Әркімнің пікірі маңызды

Жазғы су бар, жан қиналыс жоқ

"Қыс шанаңды жаз сайла" дегендей, бүгіннің өзінде қыс қамына қамдану басты мәселе болып отыр. Әсіресе аудан әкімі С.Арыстан барлық сала басшыларымен, дәрігерлермен  ауылдық округтерді «Әкімдік сағаты» желісімен аралағанда негізгі әлеуметтік жағдайлармен қатар бұл да негізгі тақырып ретінде көтерілді.

Аудан әкімінің алғашқы сапары Елтай ауылынан басталып, алдымен дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Аға дәрігер Б.Қансұлтанов аурухана бір ауысымда 25 адам қабылдайтынын, күндізгі бөлімде тұрғындардың ем-дом қабылдауы үшін 4 кереуеттік бөлім жұмыс жасайтынын, алайда тіс дәрігерінің аппараттары талапқа сай келмейтінін жеткізді.

-Менің жүрегім ауырып келіп едім. Қазір дәрігерлер қарап жатыр. Ауылдан көмек көрсеткен жақсы, әрине. Жалпы жағдайымыз жаман емес,-дейді ауыл тұрғыны С.Қуанов.

Одан әрі аудан басшысы «Қызғалдақ» балабақшасы мен М.Сиранов атындағы орта мектептің бүгінгі тынысы және қысқа дайындығын тексерді. Балабақшаға талапқа сай камера жетіспейтіндігі, ал мектепте жасыл желекке көңіл бөлінбейтіндігі белгілі болды.

Ауылдағы су тазарту  қондырғысының негізгі мәселелерін оның басшысы Н.Қисымов баяндап, субсидияға қол жеткізу күн тәртібінде тұрғанмен аудан басшысы алдағы күндері оның шешімін табатынын айтып түсіндірді.

Аудан басшысы және аудандағы барлық мекеме басшылары ауылдық мәдениет үйінде тұрғындарды кез келген сауалдары бойынша қабылдап, еркін әңгіме бөлісуге толық жағдай жасады. Дегенмен тұрғындардың сауалы негізінен аудан әкіміне бағытталды.

Айталық, ауданның Құрметті азаматы Т.Темірболатов, ауыл тұрғыны Т.Сырымбаев Бағырлай каналы бойы қоршауға алынып, жайылымдық жер тарылғанын, қазылған жер көмілмейтінін, оны округ әкіміне бірнеше айтқанын ашына айтты. Сондай-ақ екінші топтағы мүгедек Қ.Жанесеев жарықтандыру жайы мен қатар пандус мәселесін, биология пәнінің мұғалімі Ә.Есенқызы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында үй алғысы келетіндігін, мәдениет қызметкері С.Қабдолов ауылға намазхана қажеттігін және ауыл тазалығы, бруцеллезбен күрес жайы жергілікті халықты алаңдатпай қоймады.

Көтерілген мәселелерге орай аудан басшысы сала басшыларын қатыстыра отырып сол жерде жауап берді. Кейбір мәселелерге орай шарасын алуды тапсырды. Сонымен қатар аудан басшысы жеке қабылдау өткізді.          

 Тұрғындар баспаналы болды

Бөдене ауылына сапарын аудан басшысы ауылда салынып жатқан 200 орындық балабақша құрылысынан бастады. Бұдан бұрында қадағалауда тұрған құрылыс нысанының бүгінгі қарқыны жаман емес. Сондықтан да аудан басшысы сала мамандарымен бірге аралай жүре жұмысты сапалы аяқтауды назарға салды.

Ауылдағы негізгі қуаныштың бірі жаңа пәтерлердің пайдалануға берілуі еді.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі С.Арыстан Елбасы тапсырмасына орай облыс басшысы Н.Ноғаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты тың міндеттер жүктегенін, осыған орай жолдар жөнделіп, ауылда балабақша, мәдениет үйі және бюджеттік қызметкерлер мен үйлері апатты жағдайда тұрған отбасыларына арнап жаңа пәтерлер салынуда екендігін айтып, ауыл тұрғындары К.Сәрсенғалиев, С.Бәкенов, Қ.Аманов, Н.Өрбісіновке және учаскелік полиция инспекторы С.Құлшариповке, Индер аудандық балалар –жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Н.Амановқа пәтер кілтін тапсырды.

Салтанатты шарада ардагер ұстаз Ә.Есқазиева ауыл тұрғындары атынан ыстық ықыласын білдірсе, қуаныш иесі К.Сәрсенғалиев:

– Менің қуанышымда шек жоқ. Жаңа пәтерге ие болып жатырмыз. Шынында да болуы мүмкін емес шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, биліктің шынайы көмекке келетінін тағы бір ұғып, отбасыммен  қуанып жатырмыз, - дейді. Одан әрі әркім өзіне берілген пәтерді аралап, мәре-сәре болып жатты. 

Ал жұмыс бабымен жүрген топ одан әрі Елбасының рухани жаңғыру мақаласында көзделген «Туған жерге туыңды тік» бағдарламасы аясындағы жерлестер форумындағы меморандумға сай облыстық мәслихат депутаты С.Құлғалиевтің өз қаржысына салып жатқан ауылдағы Мәңгілік алау құрылысымен танысты. Фельдшерлік пункттің де  жұмысы қалыпты.

Жалпы аға дәрігер Ұ.Ізтелеуованың айтуынша, дәрігерлік емхана ретінде жұмыс жасап тұрған мұнда тіс дәрігері, фельдшер жұмыс жасағанмен акушер қажет екен.

Ал учаске бастығы Н.Бисенбаевтың мәлімдеуінше мәдениет үйінің құрылысы 95 пайызға аяқталып, Астана күніне тапсырылмақшы.

Одан әрі аудан басшысы Бөдене орта мектебінде жеке қабылдау өткізсе, акт залында орталықтан барған мамандар ауыл тұрғындарын барлық өтініштері бойынша қабылдады.

Осындай жұмыс барлық ауылдарда да жалғасын таппақ. Шынында да бұл ауыл тұрғындары үшін зор мүмкіндік екені сөзсіз.

Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT