Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің жаңа тұрпаттағы беделді саяси қайраткер, Түрікменстанның мемлекеттілігін, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы орнын дәйекті түрде нығайтып келе жатқан прогрессивті, мықты көшбасшы ретіндегі рөлін атап өтті.
– Сіз түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, аса құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің келешекке арналған стратегиялық бағдарын сенімді түрде жалғастырып келесіз. Сіздің салиқалы басшылығыңызбен Түрікменстан экономикасы керемет қарқынмен дамуда. Еліңізде өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғырып жатыр. Энергетикалық әлеуетті нығайту және технологиялық трансформация бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Баянды бастамаларыңыздың арқасында бауырлас Түрікменстанда ірі әлеуметтік жобалар жоспарлы түрде жүзеге асырылып, ғылым-білім саласы соны серпін алып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл жетістіктің бәрі шынайы құрметке және жоғары бағаға лайық, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Ашхабадтың дипломатия, бейбітшілік пен тұрақтылық мекені ретіндегі халықаралық беделі мен мәртебесін арттыру жолындағы Түрікменстан басшылығының күш-жігеріне ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстанның 2025 жылды Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы деп жариялау туралы бастамасын БҰҰ Бас Ассамблеясының қолдауы елдің жауапты әрі белсенді ұстанымын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің бауырлас елдер арасындағы достықты, өзара түсіністік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.
– Қазақ-түрікмен қарым-қатынасының келешегі жарқын екеніне сенімдімін. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы осыған айқын дәлел. Қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылуы көп жоспарлы серіктестігімізге тың серпін беріп, қазақ-түрікмен ынтымақтастығының жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынына күмән жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

