Мұнайлы өңірде карантин кезінде қандай нысандар жұмысын жалғастырмақ

Атырауда карантин режимі 28 қыркүйекке дейін ұзартылды, алайда кейбір шектеулер алынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демалыс күндері қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істей береді. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері фитнес орталықтары, шаштараздар мен сұлулық салондары да ашық болмақ.

Енді мұнайлы өңірде мейрамханалар мен кафелердің қызметі жанданады. Сенбі-жексенбіде қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына рұқсат берілуі карантин кезінде қаражаттан қағылған кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық болды. Жабық ғимаратта 30, жазғы террасаларда 50 адамнан аспайтын шектеулермен енді тамақтану орындары демалыс күндері де қызмет көрсетпек. Қазір Атырау облысы бойынша 800-ден астам мейрамхана мен кафе болса, соның 500-ге жуығы мұнайлы шаһарда орналасқан. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері фитнес орталықтар мен бассейндер, моншалар мен сауналар жұмысын жалғастыра алады.

Еркебұлан Баделов, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы: – Табыстың көпшілігі демалыс күндері түсетіндігі бәрімізге белгілі. Бұл – локдаундағы қиын жағдайдан шығу үшін кәсіпкерлерге үлкен көмек болатын мүмкіндік. Бұдан былай 3000-ға жуық кәсіпкерлік нысандар өзінің жұмысын жалғастырады. Діни нысандар да келушілерге есігін айқара ашпақ. Қоғамдық көліктерде сенбі-жексенбі күндері қызмет көрсетеді. Алайда мұнайлы өңірде демалыс күндері сауда және ойын-сауық орындары жабық болады. Оқу орталықтарының қызметіне де уақытша тыйым салынады. Қауіпті індеттің өршіп кетпеуі үшін әлеуметтік арақашықтықты сақтап, маска киіп жүру әлі де міндетті.

Бүгінде мұнайлы өңірдегі эпидемиологиялық ахуал қалыпқа түскен. Соңғы тәулікте 11 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Қазір коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық жұмыстары жүйелі жүріп жатыр.

24.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT