– Қазақ халқы Астанада өткен Түрікменстанның Мәдениет күндері мен түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына орай ескерткішінің ашылуын жылы қабылдады. Ашхабадта Абайға ескерткіш қойылуы халықтарымыздың достығы мен бір-біріне құрметінің тағы бір символы болды. Фестивальдер, гастрольдер және басқа да бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы мәдениет саласында жан-жақты ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталдық. Ғылым-білім беру және жастар арасындағы байланысты дамыту перспективасы жан-жақты талқыланды. Түрікменстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымда екенін растаған.
– Өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқымда тұрақтылық, қауіпсіздік және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін түрікмен тарапымен тығыз ықпалдастық орнатуға әзірміз. Консультативтік кездесулер өткізу, сондай-ақ Каспий теңізінің проблемасы жөнінде ықпалдастық орнату өте өзекті. Қазақстан Ашхабадтың бастамасы бойынша жарияланған Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы аясында Түрікменстан өткізген іс-шараларды жоғары бағалайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Президент Сердар Бердімұхамедовтің сапары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосатынына сенімді екенін жеткізді.

