Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5-әлеуметтік бастамасында елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, шағын несие беруді көбейтуге басымдық берілген болатын.
Міне, осы тапсырма қалай орындалып жатыр, Кәсіпкерлерді не толғандырады, қандай кедергілер бар? Осы бағытта кәсіпкерлермен ашық сұхбат өрбіді. Кездесуді аудандық әйел кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Әлия Қарашина жүргізіп отырды.
Алдымен сұхбатты аудан әкімі Серік Арыстан ауданда кәсіпкерлік саласының дамуында ілгерілеушілік барын айта келе, кәсіпкерлер тарапынан көкейтесті мәселелері болса бірлесіп шешуге дайын екендігін жеткізді.
-Өткен жылдың қорытындысымен 1941 шағын және орта бизнес кәсіпкерлік субъектісі болса, биыл 3 айда оның саны 1960-қа жетті. Олардың ішінде белсенділерінің саны-1657. Жұмыс жасамай тұрған кәсіпкерлік иелерімен жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы былтырғы жылы 44 жобаға 198 млн. 290 мың теңге қаржы бөлінді. Несиелендіру биылғы жылы да жалғасын табуда. Бүгінде 20 адамның 143 млн. теңгенің бизнес жобасы қабылданып, облысқа жіберілді. Әзірге 4 жоба шешімін тауып, 15 млн. теңге көлемінде несие берілді. Бұл жұмыстар әрмен қарай жалғасын табатын болады, - деді аудан әкімі С.Бисешұлы.
Бүгінде кең қанат жайып келе жатқан Индерборда тұрғын үйге де, кәсіпкерлік нысандарын салуға да жерге деген сұраныс күшті. Бұл кездесуде де кәсіпкерлердің негізгі бас ауыртар мәселесі осы болды. Мысалы, кәсіпкер Асланбек ауданда наубайхана қажеттілігі өткір тұрғандығын айта келе, оны салуға жер сұраса, елтайлық Гүлжихан Құрайбековаға кәсіпкерлікке коммуналдық жүйелермен қамтылған жер қажет, тағы басқа.
Бұл өзекті сауалдарға жауап берген аудандық жер бөлімінің бас маманы А.Үсенқызы бұған дейін кентті «Барлаушы» ықшам ауданындағы кәсіпкерлік мақсатқа қойылған жерлердің бәрін ынта білдірген кәсіпкерлер аукцион арқылы алғанын атап өтті. Алдағы уақытта «Ақсай» мейрамханасы маңындағы ескі гараждардың орнын алу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Б.Иманғазиев болашақтың жоспарын айтты. Яғни Индербордың ішінен егжей-тегжейлі жоспары бойынша кент ішінен Проездер секілді болашақта босайтын орындарға кәсіпкерлік нысандарға жер берілмек...
«Енді қайтпек керек?» деген аудан әкімінің сауалына оның орынбасары Қ.Нұрлыбаев «Шығыс» мөлтек ауданындағы жылыжайға жоспарланып отырған жердің жартысын сұраныстың көптігіне сай түрлі мақсаттағы жобалары бойынша кәсіпкерлерге беруді ұсынды. Аудан әкімі С.Арыстан осы нұсқаны саралап қарауды және кезінде бос жерлерді алып қойып, мақсатына пайдаланбай отырған, түрлі айла-шарғымен уақыт созып жүргендерді мүмкіндігіне қарай қайтаруға тапсырмалар берді.
Елтайлық Гүлжихан Құрайбекова жермен қатар несие сұрайды, оның ауылдасы Аслима Амантурлина да ауылдан шаштараз ашқысы келеді.
-Елтай ауылы ішінде кәсіпкерлік мақсатта жерлер бар, ол аукцион арқылы беріледі. Ал шаштаразға тұрғын үйі аумағынан мақсатын өзгертіп кәсіпкерлігін аша алады, - деді Елтай округінің әкімі Е.Дүйшім.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Б.Сахипов шаштараз инновациялық жобаға жатпайтындықтан оған жеңілдікпен несие берілмейтіндігін атап өтті.
Айгерім Зұлқашева жас жұбайлардың некесін қиюға салтанат сарайына «Борат» мәдениет үйінен орын сұрады. Оған әкім орынбасары Қ.Нұрлыбаев мұнда оркестр барын, жастар орталығына жоспарланып отырғанын, дегенмен үлкен бір бөлмесі мен холын беруге мүмкіндік барын айтты.
Жеке кәсіпкер Жанна алкоголь өнімдеріне лицензияның қымбаттығын әрі оның бұрынғыдай көп өтпейтіндігін және газдың пломбасы мен медициналық сақтандыру жайын сұрады. Бұған жауап берген аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Әлім Қонысов салық кодексіндегі жаңа өзгерістер бойынша биыл алкогольдің лицензиясына бірқатар жеңілдіктер енгенін атап өтті.
- Былтыр ауылдық жерде лицензия 30 айлық есептік көрсеткіш бойынша есептелсе, биыл АЕК 20-ға түсті. Кент басында былтыр 70 АЕК болса, енді 60-қа түсіріп жатыр. Сонымен қатар бөліп төлеуге мүмкіндік беріліп отыр. Арнайы сайттан электронды түрде алкоголь өнімдерінің жасырын өнім емес екендігін, қандай зауыттан шыққанын анықтауға мүмкіндігіңіз бар. Мұның бәрі кәсіпкерлікке жасалып жатқан жеңілдік, - деді ол.
«ҚазтрансГазАймақ» АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы Сағидолла Құлғалиев, егер газды тұрақты пайдаланбайтын болса оны заңдылыққа сай қауіпсіздік мақсатында пломбалау міндетті екендігін атап өтті. Ал төлемақысы антимонополиялық комитеттің бекітуіне байланысты.
- Газдың пломбасына байланысты мәселе осыған дейін де көтеріліп жүр. Осы мәселені кәсіпкерлердің, жалпы тұрғындардың жанайқайы ретінде сіз Сағидолла Саламатұлы, облыстық мәслихатта ауданнан сайланған депутат ретінде көтерсеңіз, - деді аудан әкімі.
Аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов медициналық қауіпсіздендіру туралы нақты жауабын берді.
- «Рахат» кафеміздің алдынан былтыр кәріз жүйесі қазылып өтті. Орнын тазалап кетпекші болып уәде еткен, әлі сол күйінде шашылып жатыр, - деді кәсіпкер Салтанат Әнімқұлова.
Бұған салалық бөлімнің басшысы Б.Иманғазиев қалыпқа келтіру жұмыстарының жүретіндігін айтса, әкім С.Арыстан бүлінген асфальт жолдар қайта жөнделетінін және ол мердігер мекеменің жұмысын толық аяқтауды күтпей-ақ бұған дейін құбыр төселген жерлерді қалыпқа келтіруге тапсырма берілгенін қосты.
Жиын барысында коммуналдық мәселелер де көтеріліп жатты. Мысалы, кәсіпкер Венера Қизатова Қ.Тұхфатов көшесіндегі дүкенінің алдында үнемі су кетіп жатыр екен. Оны бірқатар автокөлік иелері тегін көлігін жуатын орынға айналдырыпты.
-Осы Қ.Тұхфатов көшесі бойынан қазғандар ауыз су желісін үзіп кетті. Су қыс бойы ағып жатыр. Ал тиісті мекемелер біріне-бірі сілтейді,-деді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық бөлімшесінің басшысы Мырзабек Тасыбаев.
Кәсіпкер Раушан Мырзабаева да «Шығыс» мөлтек ауданында су далаға ағып жатқанына ешкім мойын бұра бермейтіндігін назарға салды. Су мәселесіне байланысты әкім С.Арыстан «Индерсу» КМК басшысы Алмас Құсайыновқа тапсырма берді.
Есболдан Мақсот Мұханбетқалиев ауыл шаруашылық жері және оған түрлі жобалары барын айта келе, инвесторларға ұсыну мәселесін көтерді.
«Индер АКО» несие серіктестігінің директоры Дархан Жиенғалиев қаржы қорларын кепілдік қою арқылы несиелендіру мүмкіндіктерін атап өтті.
Сонымен қатар Самат Ізмағанбетов егін егуге жер сұрайды. Рита Бақтыгереева ағасының шайханасын коммуналдық қызметпен қамтуды, Жайдарман Сапарова мейрамхананың алдын көріктендіруді, Бағлан Қалдарбеков, Тоқтарбай Серікқалиев, Мөлдір Қазмұқашева несиелендіруді, Маржан Мералиева жас отау иелерін үймен қамту жөнінде, тағы басқа да мәселелерді көтерді.
Кездесуді аудан әкімі С.Арыстан қорытындылап, кәсіпкерлерге қашанда қолдау болатындығын, көтерілген мәселелер бойынша тиісті басшыларға тапсырмалар беріп, ал ауданда шешілмеген түйінді мәселелер облыс әкімі Н.Ноғаевтың облыс кәсіпкерлерімен ашық сұхбатында қойылатындығын атап өтті.
Саламат БАЗАРБАЕВ.
Суреттер автордікі.