Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қарсаңында Премьер-Министрдің және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Депутаттар Президенттің Жолдаулары мен «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты тыңдады. Іс-шараны ашқан Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов әр Жолдау – ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтынын және азаматтардың ең өзекті сұрақтарына жүйелі жауап беретінін атап өтті. «Мемлекет басшысының Жолдаулары, Президенттің Сайлауалды бағдарламасы – маңызды құжаттар. Ал олардың сапалы орындалуы – қоғамның билікке деген сенімінің кепілі. Адамдар нақты өзгерістерді дәл қазір көргісі келеді. Сол себепті біздің, яғни заң шығарушылар мен Үкіметтің ортақ міндеті – тапсырмаларды сапалы әрі дер кезінде орындау. Сондықтан әр саяси маусым басында Үкіметпен «сағат сәйкестендіру» тәжірибесін енгізуіміз кездейсоқ емес. Бүгінге дейін атқарылған жұмысты бағамдап, қай мәселеге баса назар аудару керек екенін айқындаймыз», – деді Ерлан Қошанов. Өз кезегінде, Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент Жолдаулары мен Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Үкімет тарапынан атқарылған жұмысқа тоқталды. Мәселен, былтыр шетелдік капиталдың қатысуымен 1,3 млрд. АҚШ доллары сомасына 45 жоба пайдалануға берілді. Жалпы алғанда, жалпыұлттық пулға құны 144 млрд. АҚШ долларын құрайтын 1,1 мыңнан астам жоба кіреді. Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінің өсімі былтырғы көрсеткіштен 6,9%-ға асып түсті. Биыл 20 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, 1,5 трлн теңге сомасына 190 жаңа өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорнын іске қосу жоспарлануда. Үкімет басшысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасына жеке тоқталды. Оның аясында 310 мың орындық 160 мектеп салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде өңірлерде 540 медициналық нысан пайдалануға берілді. Олар шамамен 1 млн ауыл тұрғынын қамтиды. Бұл – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі Президент саясатының айқын көрсеткіштері. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында 2 жылда 12 мың шақырымнан астам инженерлік желіні жөндеуге 600 млрд теңгеден астам қаражат тартылып, нәтижесінде аталған желілердің тозуын 6,2%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Биыл көлік саласында 13 мың шақырым жол жөндеу және салу жұмысы қолға алынды. Ал теміржол саласында «Достық-Мойынты» учаскесінің екінші жолдарын салу жұмысы аяқталуда. Цифрландыру саласында IT-қызметтер экспортының өсімі байқалды. Яғни, көрсеткіш 2021 жылы 30 млн доллардан 2024 жылы 700 млн АҚШ долларына дейін артты. халық қалаулылары 900 елді мекенге барып, 2000-ға жуық азаматпен кездесу өткізді. Тұрғындар тарапынан келіп түскен барлық ұсыныс қазір жүйеленіп жатыр. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, олардың шешімін табу жолдары қарастырылады. «Үкімет пен Парламенттің өзара үйлесімді жұмыс атқаруы – тиімді мемлекеттік саясаттың негізі. Өйткені бәріміздің мақсатымыз бір. Ол – еліміздің өркендеуі, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы. Бұл үшін Президенттің Сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауларындағы тапсырмалары дер кезінде орындалуы тиіс. Ортақ мұрат жолында жұмыла әрекет еткенде ғана біз нақты нәтижелерге қол жеткізетініміз анық»,– деді партия Төрағасы.
«AMANAT» партиясы фракциясы Президент Жолдауларының орындалуы туралы Премьер-Министрдің ақпаратын тыңдады
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Саясат
- Read Time: 1 min
- 19
