Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы – ел экономикасының нақты сұранысын ескерген, уақтылы және маңызды шешім. Бұл бастама – еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін көтеріп, жұмысшы кәсіптеріне деген құрметті арттыруға бағытталған стратегиялық қадам.
Бүгінде өндіріс, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында білікті мамандарға сұраныс артып отыр. Елдің әр өңірінде жұмысшы кадрлар тапшылығы сезіледі. Бұл жағдай техникалық мамандықтардың мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Жұмысшы мамандығын меңгеру – тек кәсіп игеру ғана емес, бұл ел экономикасы мен индустриясының тұрақты дамуына қосылатын елеулі үлес. Заманауи техниктер, дәнекерлеушілер, электриктер, механиктер мен құрылысшылар – мемлекеттің берік іргетасын қалаушылар. Олардың еңбегінсіз бірде-бір өндіріс орны дамымайды, бірде-бір ілгерілеу жүзеге аспайды.
Мемлекет техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Тегін оқыту, мемлекеттік гранттар бөлу, тәжірибелік білім беру мүмкіндіктері – жастардың осы салаға қызығушылығын арттыруға бағытталған нақты шаралар.
Қазіргі таңда жастар тек жоғары біліммен ғана емес, нақты еңбек арқылы да табысқа жетуге болатынын түсіне бастады. Еңбек адамына құрмет көрсету, оның қоғамдағы орнын бағалау – өркениетті елдер дамуының басты қағидаларының бірі.
Қорытындылай айтқанда, жұмысшы мамандықтарын игеру – жеке табыстың ғана емес, тұтас ұлттың болашағына салынған инвестиция. Білікті маман – елдің тірегі, ал жастарды кәсіптік бағытқа баулу – бүгінгі білім беру жүйесі мен қоғамның ортақ міндеті.
Шаяхмет Ищанғалиев,
аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы