Осындай атаумен Атыраудағы Достық үйінде Сания Камелованың жетекшілігімен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Шараға Атырау облысы ҚХА этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен Ассамблея жастары қатысты.
С.Камелованың айтуынша, қазіргі заманда бірнеше тіл білу – табыс пен мүмкіндіктердің кілті. – Қазақстанда үштілділік және үш тілде білім беру жай тренд емес, заман талабы – білімді кеңейту және адамдар арасындағы түсіністікті нығайту. Көптілділік – тіл саясатының маңызды бөлігі және жаһандану әлеміне бейімделудің бір жолы, – дейді профессор.
Жиын барысында қатысушылар өз көзқарасын білдіріп, ойларымен бөлісті. Үш тілді меңгерген «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев, аталмыш шараның маңызын атап өтіп, Владислав Теннің «Қазақ тілі формуласы» атты кітабын таныстырды, сол кітап бойынша өзі де қазақ тілін үйрене бастағанын айтты. «Светоч-Атырау» славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Раиса Биткова тіл меңгерудегі тәжірибесін бөлісті.
Бұл маңызды мәселеге арналған пікірталасқа этномәдени бірлестіктердің жас өкілдері де қатысқаны қуантады. Дөңгелек үстел барысында «Көптілділік: артықшылықтары мен кемшіліктері» тақырыбында сауалнама жүргізілді. Жиын өте жылы және достық атмосферада өтті. Қорытындысында дөңгелек үстел қатысушыларының ұсыныстары айтылды.