Дәстүрлі өнерді дәріптеп келеді

 «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли жырлағандай, киелі аспаптың қыр-сырына қанығып, бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп жүрген жанның бірі – бөденелік, халықаралық Ұстаздар Одағының мүшесі, «Алаш ұстазы» төсбелгісінің иегері Гүлбаршын Сариева өнерлі өрендер шоғырын қалыптастырып, дарынды жастардың шығармашылығын шыңдап келеді.

Тәй-тәй басып, тұлымшағы желбіреген шағынан-ақ ұлттық аспаптың үнін естіп өскен Гүлбаршынға әкесі Өрбісін Төлеуұлы жеті жасында ауылдағы дүкендердің біріне келген домбыраны сатып алып, оның қағыстарын үйреткен. Содан салалы саусақтарымен ұстазы ретінде үлгі тұтатын әкесімен бірге әуелі «Әке туралы жыр» әнін орындапты.

-Кішкентайымнан өнерге жақын болуым бірінші - Алланың, екінші - қанға сіңген қасиеттің арқасы деп білемін. Мәселен, анам Ұлжанның әкесі Құсайын өнерге жақын, ал өзімнің Төлеу атамда сері кісі болған. Әлі есімде атам қолына домбырасын ұстап, сол кездегі батырлардың жырларын ұйқастырып төгілткенде тыңдаған жанның құлақ құрышын қандыратын. Ал әкемнің айтуынша, өзімнен кейінгі бауырларымды осы домбыраның үнімен тербетеді екенмін. Содан ата-анам мені Бөдене орта мектебінің жанынан құрылған домбыра үйірмесіне бергенде, онда Дина Төремұратова деген әуез мұғалімінен киелі аспаптың қыр-сырын үйрендім,-дейді әңгімесінде.

Ол 1992 жылы Орал қаласындағы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан мәдениет институтына оқуға түсіп, оны 1996 жылы аяқтап шыққан. Домбырашы, әуесқой халық аспаптар оркестрінің жетекшісі, мәдени тынығу жұмысын ұйымдастыру деген мамандықты еншілеген ол 2001 жылы Индер аудандық балалар өнер мектебіне домбыра сыныбынан сабақ беретін мұғалім болып жұмысқа орналасады. Әрине, жас маман бола жүріп, Базарғали Суханқұлов, Төлеуғали Базаров, Алма Нұрашова, Гүлсара Адайбекова, Қарлығаш Камалова, Кенжеғұл Жалғасбай секілді білікті ұстаздардан іс-тәжірибе жинақтап, бойымен бірдей домбыраларын арқалаған бүлдіршіндерге алғаш білім бере бастады. Солардың бірі өнер жолына түскен шәкірттері Жанаргүл Саркенова қазіргі таңда Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжінде мұғалім және Алатау дәстүрлі өнер театрында әнші болып қызмет етсе, Баян Өтениязова Атырау қаласындағы Қайыршақты балалар саз мектебінде мұғалім, Нұрдәулет Ахмедияр Қазақ ұлттық өнер университетінің 3 курс студенті және Нұрсұлтан қаласындағы №1 өнер мектебінің мұғалімі, Аймекен Құрмашева Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінің 3 курс студенті. Ал Еркінбек Болатов, Гүлбарам Ермұханова, Айнамкөз Мейрамғалиева, Жанерке Хамидуллина, Ақбөбек Мұхамбетжанова, Гүлдана Тайырова, Айгерім Бейімбетовалар домбыра сыныбының бес жылдық білімін алып, қазір өз мамандықтарының мақтанышына айналып үлгерді.

dsc_0700

-Әлі есімде, еңбек жолымда жүргенде «ЮНЕСКО» көлемінде Қаройда Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған кең көлемде шара болды. Сол кезде мәдениет министрі болған Мұхтар Құлмұхамбетпен бірге келген ел ағаларының алдында шәкіртім Жанаргүл Құттыбекқызы да өз өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған болатын. Сол сәтте ол кішкентай бала бола тұрса да, жүлдесін басқа бірнәрсеге жұмсамай, анасына домбыра сатып алғызғанда менің алға ұмтылуыма септігін тигізгендей болды,-дейді шәкіртіне риза болған кейпі.

Сондай-ақ Гүлбаршын Өрбісінқызы аудандық Р.Ғабдиев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде жүргенде жоғары талап қоя білетін өнердің шын жанашыры Жұмаден Тәжіғалидан көп нәрсені үйренгенін де жасырмады. Дәстүрлі өнерден 2010-2011 оқу жылдары алғаш екі-үш оқушыдан «Еркем-ай» ансамблін құрады. Оқушылары жақсы нәтиже көрсетіп жүрген соң, бүгінде ол 30-ға жетіп, атауын «Әсем-әуен» деп өзгертті. Қазіргі таңда халықаралық, республикалық, облыстық сайыстардың жеті мәрте «Бас жүлдесін» алды. Міне, осындай жас ансамбльдың орындаушылары халық әндерін ойнақтата отырып, күй шерткенде олардың өнеріне таңданбаған көрермен болмайтыны шындық.

Кішкентай өнер мектебінің ғимараты таршылық ететін ансамбльге жақында жаңа мәдениет үйінен арнайы штат пен орын беріліпті. Әрине, бұл баласы үшін шыр-пыр болатын ата-ана мен өз ісінің шебері бола білген нағыз ұстаздың арқасы. Қай кезде болмасын оқушылардың жеткен жетістіктері мен ата-ана және дәстүрлі өнер жолында жүрген апалардың бірауыз жақсы сөзін естігенде төбең көкке жететінін айтатын Гүлбаршын Өрбісінқызы күйбең тіршіліктен ештеңеге көп мән бере бермейтін де айтып өтті. Ол баулыған ансамбльдың өрендері ерекше орындаушылық шеберлігінің арқасында республикалық, облыстық қала берді аудандық байқауларда үздіктер қатарынан көрініп, ұстаздан шәкірт озада дегенді дәлелдеп бағуда. Бұл, әрине ұстаз мерейі.

Диас АЙБАР

Бөдене ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521