Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халыққа Жолдауын арнайы тыңдап шықтым. Көңіліме қонғаны «Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс» деп, барлық салада тиімділікті арттырып отырғаны. Бұл жаңа деңгейге көтерілу кезеңінің бағыт-бағдары деп ойлаймын.
«Біз жаппай цифрландыру және жасанды интелект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет» - деп, экономиканың қарқынды дамуына үлкен серпін беретінін айқындап берді.
Бүгінде ғалам жасанды интеллектіні толық пайдалануға, ашуға барын салып жатыр. Тәуелсіз еліміз де дамыған мемлекеттердің қарқынды дамуы үдерісінен қалып қоймай, маңызды қадам жасауда.
Мемлекет басшысының тағы бір басымдық берген бағыты «Шағын және орта бизнес». Шағын және орта бизнес ел экономикасының 40 пайызын құрайтындығын, бірақ өнім шығаратын кәсіпкерлердің үлесінің аздығын айтты. Сонымен қатар ауылшаруашылық, агроөнеркәсіп саласының әлеуетін толық ашу үшін Үкіметтің жоспарын талап етті. Шикізаттан дайын өнімге дейін дайындау, нақты жұмыс орындарының ашылуында, халықтың әл-ауқатының көтерілуінде маңызды болып табылады. Яғни елде халық бай болса, қоғамда бай болатындығын еске алсақ, мемлекет басшысының бұл салаға айрықша назар аударып, тиісті бағыт беруі үлкен маңыздылыққа ие деп ойлаймын. Осыған орай экономикаға үлкен үлес қосатын сала болғандықтан, осы бағыттағы кедергілерді азайтуды, заңдарды жүйелеуді тапсырды.
Көлік-логистика саласын дамыту: Қазақстан территориясының орналасуындағы артықшылығын тиімді пайдалануды, транзиттік хабқа айналдырып, экономикаға қосатын үлесін арттыруды бағыттап, осы салада жасалып жатырған жұмыстарға тоқталды.
Осы бағытта елімізде, облысымызда, ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын білеміз. Кезең-кезеңімен жолдар жөндеуден өтуде. Жол бойындағы елді-мекендерде сұранысқа сай заманауи жанар-май құю бекеттері, жолаушылардың аялдауына арналған тамақтану, демалу орындары салынып, өз қызметтерін ұсынуда. Сондай-ақ елді-мекендер көркейіп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай туғызу үшін түрлі нысандардың құрылысы салынып келеді.
Аудан аумағында шикізаттан құрылыс материалдарын дайындау саласы да дамып келеді. Бұл салаға да жаңа технологиялар келсе экономикалық даму жақсарары сөзсіз.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жаңалық бір палаталы Парламентті құру туралы бастамасы. Бұл бастама қазақтың «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мәтеліне сәйкес, қоғамда тиянақты талқыланып, 2027 жылы Референдум арқылы шешім қабылдауға болатындығын айтты.
Жолдау еліміздің барлық саласына тың серпін беріп, экономикамыздың қарыштап дамуына бағдар болсын.
Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ,
құрылысшы