Халықаралық әйелдер күніне орай «Нұр Отан» партиясы республикалық «Ел аналары» акциясын ұйымдастырып, аудан көлемінде ғасыр жасаған аналарды құттықтады. Оларға партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хаты мен сыйлықтары табысталды.
Акция аясында облыстық мәслихат депутаты Айгүл Қалиева мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген Оразғалиев әуелі өрліктік 102 жастағы Жаңыл Есжанованың шаңырағына бас сұқты. Әже 55 жыл мал бағып, одан кейін түрлі қара жұмыста еңбек еткен. Өмірге 5 рет құрсақ әкеліп, олардан бүгінде 17 немере, 43 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Ақ жаулықты ананың ғұмырнасын ұйып тыңдаған топ құрамы партияның Құттықтау хатымен сыйлықтарын сыйлады. Одан әрімен Есбол ауылдық округіндегі, ауданның ең қарт тұрғындарының бірі, 108 жастағы Тұрсын Айтжанованың үйіне барып мерекемен құттықтады. Соғыс зардабынан жастайынан жолдасынан айырылған ол – отбасы үшін аянбай еңбек еткен. Әжеміз «біз көрген соғысты болашақ жастарымыз көрмесін, Құдайым тек жақсылықтан айырмасын деп»,- ақ батасын берді. Сондай-ақ топ мүшелері осы ауылда тұратын биыл шілде айында ғасыр жасайтын Маржан Ізбасароваға барып хал-жағдайын біліп қайтты. 99 жастағы әженің көз жанарынан айырылғанына төрт-бес жыл уақыт болыпты. Дүниеге 2 қыз бен 1 ұлды аялап әкеліп қанатты қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, бұл күнде 4 немере, 2 шөбере, 9 жиеннің ортасында отырған әзиз әже. Ғасыр жасайтын әженің ендігі арманы алақандай баспанасынан жаңа бір қонысқа қоныстану.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген Оразғалиев мереке қарсаңында аудан көлемінде талай жыл ер азаматпен қатар еңбек еткен ардақты аналарды қабылдады. Әр ауылдан келген ақ жаулықты аналар ақ дастархан басында еңбек еткен кездерін еске алып, мәре-сәре болды. Еңбекпен тапқан нанның әрқашан ыстық болатынын айтқан аналар осындай құрмет көрсетіп жатқан «Нұр Отан» партиясының филиалына, басшыларына, қызмет жасап жүрген азаматтардың бәріне аналық жүректен ризашылықтарын білдірді.
Диас АЙБАРОВ.