Тұмаудан қалай сақтанған жөн?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде тұмау ауруының 3 – 5 млн. ауыр түрлері тіркеліп, оның 250-500 мың жағдайы өліммен аяқталады екен. Бұл туралы Атырау облыстық жұқпалы және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы А.Сарсенғалиева хабарлады.

Оның келтірген дерегі бойынша 2019-2020 жылдардың өткен эпидмаусымында облыста ЖРВЖ-ның 2475 жағдайы, оның ішінде тұмаудың зертханалық дәлелденген 14 жағдайы (жүкті әйелдер арасында – 9 жағдай, 14 жасқа дейінгі балалар – 5 жағдай, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар арасында – 1 жағдай) тіркелген.

- Тұмау – жасы мен жынысына қарамастан барлық адамдарды зақымдайтын қауіпті жұқпалы ауру. Дәрігерлер тұмаудың вирусын тұрақсыз өзгермелі дейді. Расында да, өзгермелігінде тұмауға тең келетін ауру жоқ. Әрбір екі-үш жыл сайын ол өзінің қасиетін өзгертіп отырады. 10-12 жыл сайын вирустың жаңа түрлері пайда болып, олар алдыңғы түрлерінен өзгеше болып келеді. Тұмау адамға ұсақ түкіріктер немесе сілекей шашырықтарымен жөтелгенде, түшкіргенде жұғады. Тұмаудың алғашқы кезеңі өте жедел басталады. Жасырын инкубация мезгілі бір-екі күнге созылып, кейін әлсіздік, дене қызуының жоғарлауы, бас ауруы, бұлшықеттерінің ауруы секілді белгілер байқалады. Тұмау вирусының қауіптілігі - организмдегі созылмалы жүрек, өкпе, жүйке, жүрек-тамыр жүйесіндегі ауруларды асқындыруында, - дейді жұқпалы және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы А. Сәрсенғалиева.

Тұмаумен күресудің алдын алудың шарасы – вакцинопрофилактика. Бұл - Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының пайымы. Вакцина егуді күзде бастаудың тиімділігін атап өткен А.Сарсенғалиева оның себебі тұмау індетінің желтоқсан-наурыз айлары аралығында болатындығындығы және екпе алғаннан кейін организимде иммунитет пайда болғанға дейін 14 күндей уақыт керектігімен түсіндірді.

- Биылғы тұмаудың жаңа эпидемиялық маусымына жергілікті бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ+» вакцинасының 60000 дозасы сатып алынды. Сатып алынған вакцинамен ақысыз түрде халықтың осал тобына жататын: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балаларды, алты айдан асқан көп ауыратын балаларды, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлері балаларын, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет алушыларын, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместрінде жүкті әйелдерді, жүрек-қантамырлық жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар және эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жыл сайын тұмауға қарсы вакцинацияланады. Осал топқа кірмейтін әр адам өз қалауы бойынша ақылы түрде мемлекеттік емханалар мен жеке клиникалардан тұмауға қарсы екпе алуына болады. Вакцинациядан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір тәсілі – ерекше емес профилактика. Профилактика әдістерінің бірі - науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, маусымға сәйкес киіну, бетперде тағу, гигиеналық тазалықты сақтау. Арнайы бақылау нәтижесі адам қолымен күнделікті мұрын мен көздің бөліндісімен, сілекеймен 300 ретке дейін жанасатынын көрсетіпті. Иммунитетті көтеретін профилактиканың қолжетімді әдістерін де пайдаланудың зияны жоқ көрінеді. Дегенмен, тұмаудың асқынумен қауіпті екендігін естен шығармаған жөн. «Сондықтан респираторлық аурулардың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге бару керек» дейді маман.

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика