Жаңа жыл қарсаңында Жылыой ауданына елеулі қолдау көрсетілді. Аудан әкімдігі мен «Теңізшевройл» компаниясы арасындағы ынтымақтастық аясында жалпы құны 1,3 млрд теңгеден асатын коммуналдық арнайы техника мен медициналық жабдықтар табысталды.
Коммуналдық қызметтердің автопаркі аумақты күтіп-ұстау және абаттандыруға қажетті заманауи техникамен толықты. Барлығы 18 бірлік арнайы техника берілді, оның ішінде:
• Hidromek маркалы 2 экскаватор-тиегіш
• Жүк көтерімділігі 15 тонна болатын 5 самосвал
• 2 лапалы қар тиегіш
• Маневрлік қабілеті жоғары МКМ 1904 үлгісіндегі 2 көпфункционалды аралас машина
• Mitrax MP 749 маркалы 2 мини-тиегіш
• ММК-1000 үлгісіндегі 5 сыпыру-тазалау машинасы
Жаңа техника тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында — көшелерді тазалау, су тасқыны салдарын жою және қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына пайдаланылатын болады.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, компанияның аудан дамуына қосып отырған үлесі жүйелі сипатқа ие:
«Компания ауданымызға нақты қолдау көрсетіп келеді. Бүгін „Таза Қазақстан“ акциясы аясында коммуналдық қызметтердің мүмкіндігін айтарлықтай арттыратын заманауи арнайы техникаға қол жеткіздік».
«Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаевтың сөзінше, берілген техника жыл бойы пайдалануға арналған:
«Бұл техника тек көшелер мен қарды тазалауға ғана емес, сонымен қатар су тасқынынан кейінгі инфрақұрылымды қалпына келтіруге де қолданылады. Әкімдікпен бірлесіп, қызметкерлеріміз бен олардың отбасылары тұратын Кұлсары қаласының келбетін жақсарту және ауданның әлеуметтік дамуын қолдауды жалғастырамыз».
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына да қомақты қолдау көрсетілді. Орталық аудандық ауруханаға жалпы құны шамамен 37 млн теңгені құрайтын жаңа медициналық жабдықтар — Haemonetics PCS2 автоматты донорлық плазмаферез аппараты және PLD7300D диагностикалық рентген аппараты сатып алынды. Жабдықтарды жеткізу мен орнату белгілі бір уақытты талап етеді, алайда оларды Жаңа жылдан кейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Арнайы техника мен медициналық жабдықтар Жылыой ауданы әкімдігінің сұранысы бойынша сатып алынып, сыйға тартылды. Еске сала кетейік, өткен жылы да демеушілік көмек аясында ауданға SDLG автогрейдері, KADEME тазалау машинасы, сондай-ақ орталық аудандық ауруханаға күйікке қарсы арнайы төсек табысталған болатын.


